Алматы облысындағы 22 отбасы үйсіз қалуы мүмкін

Алматы облысындағы 22 отбасы үйсіз қалуы мүмкін

Алматы облысының Қарасай ауданындағы 22 отбасы заңсыз сатылған жерге баспана салғанын өздері де білмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар жер телімдерінің жалған сенімхат арқылы саудаланғанын кейін білген. Қазір күдіктінің үстінен алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалып, мүлікті пайдалануға тыйым салынды. Бұл туралы Жаңатұрмыс тұрғындары 8 ай өткен соң ғана естіген. Жұрт мәселе қалай шешілер екен деп алаңдап отыр.

Жаңатұрмыс ауылындағы бұл жердің әр сотығы 1 млн теңгеге бағаланған. 22 отбасы да сол кезде үй салу үшін 6-7 сотықтан сатып алған. Тұрғындардың айтуынша, жерді сату 2020 жылы көктемнен күзге дейін қауырт жүрген.

Бағлан Шәкіржанов, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

– Жерді сатып алған кезде бәрін тексерді, нотариус арқылы тексерілді бәрі. Заңды деді. Содан кейін еговтан анықтама шығарып берді үш күннен кейін. Мен осылай барлық келісімді алып, барлық құзырлы органдардан рұқсатын алып, үйімді бастап салдым. Соттың қалай шешетінін білмейміз. Бізді үшінші тарап ретінде қарастырып, адал сатып алушы деп шығарып беруін сұраймыз соттан.

Былтыр қазан айынан бастап тұрғындарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық депаратментінен хабарлама келе бастайды. Сонда ғана олар үйлеріне соттың тиым салғанын білген.

Мақсат Мырзалиева, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

– Мүлкімізді, басқа үйімізді барлығын сатып осыған құйдық. 4 балам бар. Өзіміз күндіз-түні бала-шағаның мүддесі үшін кең үйде жақсы жерде тұрсын деп, жерді алдым. Құдай қаласа, енді наурызда кіремін деп отырмын.

Жаңатұрмыс Қарасай ауданының Райымбек ауылдық округіне қарайды. Қаланың дәл іргесінде орналасқан. Осы үйлер түскен аумақ бастапқы кезде ауылшаруашылық мақсатындағы жер болған екен.

Еламан Өмірбаев, Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары:

– 2006 жылы ол нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй үшін өзгерткен. Одан кейін сатып алу-сату шарты бойынша екі рет жер телімінің иесі ауысқан. Азамат Смицкой бұл жерді 2009 жылы сатып алу-сату шарты негізінде алған. 2019 жылы сол жер телімін 33 участокқа бөлген.

Сол 33 жер телімінің 11-ін жердің иесі өзі сатыпты. Ал қалғанын сенімхатпен оның танысы саудалаған. Бірақ былтыр ақпан айында жердің иесі «мен сенімхат арқылы сатуға ешкімге рұқсат берген жоқпын» деп күдіктінің үстінен полицияға арыз түсіреді. Осыдан кейін мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 22 үй салынған жерді пайдалануға тиым салған. Ал бұдан хабарсыз тұрғындардың басым көпшілігі үйлерін бітіріп, кіріп алған. Қазір бұл іске қатысты алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберілді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов