ШҚО-ның Зайсан ауданында кембағал балалар оңалту орталығына мұқтаж

ШҚО-ның Зайсан ауданында кембағал балалар оңалту орталығына мұқтаж

Зайсан ауданындағы мүгедек балалар оңалту орталығына мұқтаж.

Ата-аналардың айтуынша, мұндай мекеме ашылса кембағал жандардың жан-жақты дамуы үшін үлкен мүмкіндік туар еді.

Алайда әзірге тек аудан орталығындағы коррекциялық мектеп пен әлеуметтік қызметкерлер көмегін місе тұтып келеді. Ірі қалалардағы оңалту орталықтарына тасымалдауға мүмкіндік жоқ.

Жетпісті еңсерген Зейнел Бөпеқан көп балалы ана. Кенже ұлы кішкентай кезінен кемтар. Жасы кеп қалған анасы оған жалғыз өзі қарап, күтіп келеді. Арасында әлеуметтік қызметкерлер келіп көмек береді. Массаж жасап, психологиялық қолдау көрсетеді. Алайда  қажетті жаттығулар жасап, физиологиялық ем қабылдай алмайды. Өйткені Қараталда да, аудан орталығы Зайсанда да арнайы орталық жоқ.

Зейнел Бөпеқан Қаратал ауылының тұрғыны:

- Доғдорға бір-екі рет апардық бірнші группаға шығарып берген арбасын берді, таяғын берді. Бірақ ол арбалармен ешқандай жүре алмайды, ол арбаны не мен алып жүре алмаймын. Енді осы ауылда болса онда жақсы ғой, Зайсанда болса, ауылда болса, әйтеуір апарып, көптеп көмектесіп жібереді ғой, ондай жағдай болса болар деп ойлаймын.

Ләйлә Бесембаева, әлеуметтік қызметкер:

- Мен өзім мүмкіндігі шектеулі балалар бөлімінде 20 жылдай уақыт болды жұмыс істеп келе жатырмын. Енді осы өзімнің қызмет істеген жылдарымда осы балаларға оңалту  бөлімдері көбірек ашылса екен деп ойлаймын. Себебі бұл балалар тек қана үйде ғана отырмай қоғамдық орындарға шығып тұрса, осы балаларға көптеген жағдайлар қарастырылса деп ойлаймын.

Ауданда осыдан бірнеше жыл бұрын коррекциялық мектеп ашылған. Әзірге мүгедек балаларды сауықтыратын жалғыз орын осы мекеме. Өткен жылы осы жерден 30 бала қаралып шықты. Бірақ оның орнына қайтадан 50-60 бала келді. Яғни толыққанды қолдауға мұқтаж балалар көп. Дегенмен, ұйымның функционалды мүмкіндігі шектеулі. Оңалту орталығы көрсететін маңызды қызмет түрлері бұл жерде жоқ.

Толқын Уалынова, Зайсан ауданы психология-педагогикалық коррекциялық мектебінің меңгерушісі:

- Оңалту орталығы қажет деп ойлаймын ауданымызға, өйткені бала саны көп қажеттілік көп болып тұр. Бұл жерде  мүмкіндіктер де жақсы ғой, үлкен бассейні болады ол жерде өзінің көптеген қызметтері болады. Біз енді өз кабинеттеріміз тарапынан берілген заңды нәрсенің барлығын орындап отырмыз, бірақ енді ол да аздық етеді деп ойлаймын.

Халық қалап отырған оңалту орталығын ашудың өз талаптары бар екен. Мемлекеттік нормативтерге сай аудан тұрғындарының саны 100 мыңға жетуі тиіс. Ал Зайсандағы халық саны 38 мың ғана.

Жанар Қинашева, Зайсан ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Зайсанда болып жатса, артық емес, әрине заман талабына сай жақсы болар еді. Енді бұл оңалту орталықтары бойынша ұсыныстар халық арасында бар. Болашақта ашамыз ба деген демеушілер болса немесе қазіргі барлығы мемлекеттік тапсырыс дейді ғой, сол арқылы болып жатса, госзаказ бойынша ашылып жатса қарсылығымыз жоқ.

Жалпы қазір бұл ауданда 1500-ден астам кембағал жан тұрып жатыр. Соның 150-ден астамы 16 жасқа дейінгі балалар.

Эльмира Ахметова, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов