Шымкентте автобус жүргізушілері жетіспейді

Қоғамдық көлікті басқарушы азаматтарға берілетін «Д», «Д1» санатын алушылардың жас шамасын төмендету керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһар билігі жол қозғалысы туралы заңдар мен жолаушылар тасымалындағы ережеге осындай өзгеріс енгізу керек деп санайды. Бұл кадр тапшылығын шешіп, жұмыссыз жастардың санын азайтуға мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ шаһарда автобус жүргізушілері газ құю үшін сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Себебі қаладағы екі станция қоғамдық көліктің барлығын бірдей қамти алмайды. Айта кетейік, шаһардағы 600-ге жуық автобус сұйық отынның дәл осы түрін тұтынады. Бұдан бөлек қоғамдық көлік жүргізушісі де жетпейді. Күн ұзаққа созылған тынымсыз тіршіліктен соң автобус жүргізушілері жанармай бекетінде кезекке тұрады. Барлығы жанармай бактарын толтырып, үйге қайтуға асығады. Бірақ әр автобусты толтыруға 20 минут кететіндіктен, тәулік бойы ұзын-сонар кезек көшені жабады.

Бағдат Салықбай, автобус жүргізушісі:

– Бір автобусқа 20 минут уақыт кетеді. Сондықтан кейбір жүргізушілердің кезегі таңға таяу келетіндіктен таңертең толтырып жатады.

Қоғамдық көлік жүргізушілері жолаушыларды уақытылы тасымалдаудан басқа мәселеге бас ауыртпауы керек. Бұл сала мамандарының пікірі.

Елікбай Тоқбергенов, қалалық «Атамекен» палатасы жанындағы облыстық кеңестің көлік және логистика комитетінің төрағасы:

– Түнде жүргізушілер демалудың орнына жанармай құйып тұрады. Олар жұмыстан кейін уақытын кезек күтіп, текке өткізбеулері керек. Ертерек отбасына оралып, жақсы демалуы тиіс. Себебі ертесіне қайтадан таңнан бастап қызу жұмысқа кіріседі. Жүргізушінің саулығы – жолаушылардың амандығы.

Шымкентте күніне мың шақты қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Оның 600-ге жуығы қаланың ауа қабатын ластамауы үшін газбен жүретін тиімді автобусқа ауыстырылған. Бірақ газ құю станцияның жетіспеушілігінен қосымша бекет салу қажеттілігі туындады. Әкімдіктегілер бұл мәселені шешу үшін инвестор тартып, тағы үш жерден газ құю стансасын ашуды көздеп отыр. Оның біреуі алғашқы жарты жылдықта пайдалануға беріледі. Ал газ толтыруға қосымша штаттық қызметкерлер тартылыпты.

Мұхтар Қоқанбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Шымкент қаласында екі газ құю бекеті бар. Екі газ құю бекеті біздің қоғамдық көліктердің 80% қамтып отыр. Тағы бір газ құю бекетінің құрылысы бүгінгі күннің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді деп айта аламын.