Семейде су тасқынына қарсы шараға 1,5 миллиард теңге бөлінді

Семейде су тасқынына қарсы шараға 1,5 миллиард теңге бөлінді

Бұрын-соңды мұндай мұндай қомақты қаржы бөлінбеген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті деп танылған 4 аудандағы бөгеттер нығайтылады. Соңғы күндері мұз кептелісі салдарынан Ертістегі су деңгейі 363 сантиметрге көтеріліп кеткен. Гидромамандар оның 450-ге дейін жоғарылауы мүмкін деп отыр. Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері өзендегі жағдайды жіті бақылап отыр. Құтқарушылар арна ернеуін бекітіп жатыр. Қала аумағы бойынша барлығы 2 жарым мың метр бөгет топырақпен қымталады. Жалпы Семейде жыл сайынғы сең жүру кезінде 70 мыңдай тұрғынға қауіп төнеді.

Роман Страхов, мердігер мекеме басшысы:

– Қазіргі таңда топырақ төсеу, бетон құю және плита орналастыру жұмыстарын аяқтадық. Енді бір-бірімен жалғау үшін дәнекерлеп жатырмыз. Келісім бойынша 2022 жылдың 1мамырында нысанды тапсыруымыз керек. Бірақ құрылысты одан ерте бітіреміз деп отырмыз.

Алексей Штыкель, ШҚО ТЖД басқарма басшысы:

– Қазіргі жағдайды тұрақты деп бағалап отырмыз. Су деңгейі 450 см болған кезде қауіп төнеді. Әзірге бір метрге жуық бос кеңістік бар. Атқарылып жатқан шаралар нәтижесімен жағалау маңындағы тұрғындарды тасқын судан қорғай аламыз деген сенімдемін.