Спорт нысандары мүгедектерге қолжетімді ме?

2025 жылға дейін елдегі спорттық нысандар мүгедектерге қолжетімті болуы шарт. Қазір спортқа қабілетті 300 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Бірақ 12 проценті ғана тұрақты түрде шынығады. Оларды жаппай спортқа тарту үшін құзырлы министрлік қандай шаруа атқарып жатыр.

Серікбай Аушанов темір жол саласының маманы. 2005  жылы қызмет барысында қос аяғынан айырылып, тағдыр тауқыметіне тап болады.  Бірақ, оған мойымай, спортпен шұғылдана бастады. Бүгінге дейін парапауэрлифтинг, пневматикалық ату және  қол күресі бағыттары бойынша жарыстарға қатысып, тіпті, бірнеше рет ел үздігі атанды. Әлі күнге дейін жаттығуды үзген жоқ. Соның арқасында  денсаулығын бірқалып ұстап, біраз жетістікке жетіп жүрмін дейді кейіпкеріміз.

Серікбай Аушанов, қала тұрғыны:

– Кез келген спорт денсаулыққа пайдалы. Зияны болмайды. Менің жасым 54-ке келсе де, көпшілік жас көрінетінімді айтады. Сондықтан спортқа қатысқан адам тірі болады. 

Статистика бойынша, елімізде 700-мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның жартысына жуығы спортпен шұғылдана алады. Бірақ барлығы құнттай бермейді. Ең белсендісі Шығыс Қазақстан мен осы Нұр-Сұлтан қаласы саналады. Қалған аймақтарды көрсеткіш айтарлықтай төмен.

Серікбай Аушанов, қала тұрғыны:

–  Мүмкіндігі шектеулі жандардың саны көп, бірақ келетіндері жоқ. Мысалы, мында көбіне мен келемін. Біреулер арасында келеді, біреулері кетеді. Тұрақтылық жоқ. Ал біз жұмысқа барған сияқты келеміз. Жағдай жасалған. Бассейн бар, жаттығу залы бар. 

Енді оларды жаппай спортқа тарту үшін спорттық нысандардың қожетімділігін арттыру бастамасы қолға алынды. Қазір елімізде 590 осындай жабық кешен бар. Бірақ оның 20 проценті ғана мүгедектердің жүріп-тұруына және емін-еркін жаттығуына қолайлы. Қалғанары алдағы бірер жылда арнайы талаптарға сай болуы керек.

Азамат Нұрланов, «Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығының қызметкері:

– Бізге қазір 300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан келіп жұр. Арнайы ұйымдармен келісімшартқа отырып, ұсынған адамдарын қажетті жағдаймен қамтамасыз етеміз. Бұдан бөлек, жеке азаматтар да келіп, өтініш тастауына болады. Ешқандай шектеу жоқ. Кейін қалаған уақытында келіп, шыныға береді. Тіпті, қасындағы күтушісімен бірге кіре алады.

Қазірдің өзінде 1-ші және 2-ші топ мүгедектері тегін негізде дайындала алады. Ал үшінші топтағы азаматтарға 50 процент жеңілдік қарастырылған. Осы арқылы үйде отырған жандарды барынша көбірек спортқа тарту көзделіп отыр. Соған сәйкес ішкі бәсекелестік артып, кәсіпқой паралимпиадашылардың шығуына да мүмкіндік ашылады.

Аслан Қаженов, Диас Қобланбаев