Алматы облысында фермердің «өзімдікі» деп отырған жері өзгенікі болып шықты

Алматы облысының Ақсу ауданындағы фермердің жері инвестжоба негізінде өзге серіктестікке беріліп кеткен. Асқар Мырзекенов 330 гектар жерін 1998 жылдан бері ауылдың 13 тұрғынымен бірге пайдаланып келген. Бірақ жылдар бойы өзіміздікі деп келген жер өзгенікі болып шықты.

Асқар Мырзакенов әкесінің пайға алған жерін өзге туыстарымен бірлесіп пайдаланып келеді. Шаруашылыққа 60 гектар егістік және 250 гектар жайылым тиесілі еді. 2020 жылы олар жан бағып отырған жерінен айырылып қалғанын білген.

Асқар Мырзекенов, шаруа:

- Жер бөліміне бардым. Сіздің жеріңіз юстицияға тіркелмеген. Ол бесхозный жатыр деді. Бесхозный қалай жатады осы уақытқа дейін келдім ғой. 1998 жылдан бері қарай 2019 жылға дейін пайдаланып келдім. Елдің бәрі біледі. Сендер алып алғаныңды мен білуім керек қой. Хоть сотқа. Игерусіз жатса сіздер мені шақырып, мына жеріңіз неге игерілмей жатыр деп айтуларыңыз керек қой.

Аудандық әкімдіктегілер шаруалардың өзі құжаттын уақытында құнттамаған деп отыр. Оларға жердің мемлекеттік актісі 1998 жылы Талдықорған облысы кезінде берілген. Ал қазір Алматы облысы. Аймақ атауы ауысқанда құжаттар да өзгертілуі тиіс еді, дейді жауаптылар. 

Серік Құсмолдин, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары:

- Шаруалар жерін уақытында заңды тұрғыда тіркемеген. Сол себепті мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы бізге жердің иесі жоқ деп материал ұсынды. Соған сәйкес, жер телімі сервистік дайындау орталығына өтіп мемлекеттік акті берілді.

- Жерсіз қалған адам көп. Жер жоқ. Мал жаятын жер жоқ.

Суықсай ауылының өзге де тұрғындары осындай жағдайда. Олардың басым бөлігінде жердің ескі мемлекеттік актісі ғана бар. 

Мырзахан Құрманбаев, Суықсай ауылының тұрғыны:

- Менің пайым жоқ. Ауданға баратын болсаң жер жоқ дейді. Осы совхозда 32 мың қой болған. 5 мың сиыр бәленбай жылқы болған.

Бауыржан Майғамитов, Суықсай ауылының тұрғыны:

- Ондай адамдар көп ауылда жері жоқ отыр. Пайларын басқа біреулер пайдаланып жүр ғой. Көшіп кеткені көшіп кетті. Көшпегені осында. Балалары бар. Жері жоқ. Жерлерін ала алмай жүр.

Жергілікті әкім ауылдық округте 30-дан аса жер телімі бос жатыр дейді. Енді соны ауыл тұрғындарына заңға сай бөліп бермек. Жалпы ауданда 48 инвестжоба мақұлданды. Соның екеуі Суықсай аумағында жүзеге асыру жоспарланған. Алғашқысы бойынша аймаққа марал әкелініп жерсіндірілді. Ал екіншісі әлі күнге дейін басталмапты.

Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев