Қостанай облысында апатты ғимараттың жабылуынан бірқатар қызмет тоқтап қалды

Қостанай облысындағы Дружба ауылының тұрғындары дәрі-дәрмек алу үшін он шақырым жердегі қалаға баруға мәжбүр. Дәріхана мен спорттық үйірмелер орналасқан ғимарат былтыр жабылып қалған. Арнайы комиссия «нысанды апатты» деп таныпты. Қалаға сабылудан шаршаған жұрт аталған қызметтерді қайта жандандыруды сұрап отыр.

Бұл ғимарат бастапқыда сауықтыру орыны болған. Кейін  Дружба ауылының мәдени орталығына айналды. Клуб, кітапхана, спорттық секциялар мен үйірмелер бір орталықта орналасты. Терапевт отыратын бөлме мен дәріхана жабылып қалды. Нысан қазір қаңырап бос тұр. 

Александр Чкалов, Дружба ауылының тұрғыны:

- Терапевт, фельдшер, медбике, дәріханамыз болды. Ешқайда ат терлетіп жүрмедік. Осының бәрін қайтаруымыз қажет.

Былтыр ғимарат апатты деп танылып, ішіндегі халыққа қызмет көрсететін мекемелер түгел таратылған. Енді жұрт дәрі-дәрмек, медициналық көмек пен үйірмелерге қалаға барады. 

Оксана Бочкарёва, Дружба ауылының тұрғыны:

- Қалаға жалғыз автобус қатынайды. Оның өзін ұзақ күтеміз. Неліктен ақша шығындап, осылай қиналуға мәжбүрміз? Барлық қызметті осы ғимаратта бір жерден алуға болады ғой.

Ғимараттың іргетасы 30 жыл бұрын қаланды. Нысан апатты жағдайда деген шешіммен тұрғындар келіспейді. Жермен жексен ету негізсіз. Бастан аяқ жөндеп шыққан әлдеқайда дұрыс, деп есептейді олар. 

Бауыржан Жүсіпов, Дружба ауылының тұрғыны:

- Ғимаратты тез арада апатты деп бағалап, бәрін таратып жіберді. Оны бұзу тиімсіз. Мол қаражат керек. Толық жөндеп берсе жеткілікті. Ең бастысы, шатырдан бастау керек. Әрі қарай терезелерін ауыстырып, бөлмелерді ретке келтірсе болады ғой.

Бірақ әкімдік бұл пікірмен келіспейді. Техникалық тексеріс нәтижесіне сүйеніп осындай шешімге келген. Қауіпсіздік мақсатында ғимарат бұзылады. 

Тамара Данильчук, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Ғимарат апатты жағдайда. Сондықтан бұзудан басқа амал жоқ. Ішінде адамдардың болуы өте қауіпті. Толық сүріліп болғасын орнына барлық талапқа жауап беретін, түрлі қызмет көрсету орынымен қамтылатын жаңа ғимарат тұрғызылады. 

Ал жаңа ғимараттың қашан салынатыны белгісіз. Әйтеуір жобалық құжатына қаржы бөлуге бюджеттік өтініш дайындалып жатыр. Шамамен 15 млн теңге бөлінбек. Дегенмен, соңғы шешім алдағы мәслихат сессиясында қабылданады.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров