Өзбекстанда өткен «Ерлерге тағзым» шарасы атаулы күнге арналды

Бүгін Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылған күні. Бұл тарихи датаға – 33 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауғанстандағы азаматтық соғысқа ең алдымен Орталық Азия елдері араласты. Осы аймақта мұсылман батальоны жасақталып, қан майданға жіберілді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Бұл – ерлік пен елдік ұғымы қашанда қастерлі жер. Ауған соғысына қатысушыларға арналған тағзым алаңы. Осыдан 43 жыл бұрын басталған майданға Орталық Азия елдерінен мыңдаған сарбаз аттанды. Ол кезде бұл аймақта Түркістан әскери округі бар болатын. Ел арасында мұсылман батальоны аталып кеткен 40-шы армияға қазақстандық әскерилер де енген.

Ауғанстанға барар жол Өзбекстанның оңтүстігінде еді. Термездегі Әмудария көпірі әскери полк, батальон сарбаздары үшін жақсы таныс. Соғыс соңына қарай да кеңестік үкімет офицерлері сол жермен кері қайтқан болатын. 

Әбдуәлі Төремов, ауған соғысының ардагері:

– 1989 жылғы дәл осы 15 ақпанында кеңес әскері Ауғанстандағы миссиясын аяқтады. Қаншама қаруласым майданда опат болды. 1979 жылдың желтоқсан айында ауған жеріне табаным тиді. Ол күн әлі есімнен кеткен жоқ.

Ауған соғысы оларды қаншама қарулас досынан айырды. Көпшілігі зұлмат жылдарды еске алғысы келмейді. Бірақ боздақтар рухына тағзым ету – әрбірінің міндеті. Нағыз интернационал жауынгерлер Ауғанстанда елдік мүддені қорғады. Түптеп келгенде қыл үстінде тұрған қауіпсіздікті сақтап қалды.

Сұлтанбек Хәкімов, ауған соғысының ардагері:

– Біз майданда ұлтқа бөлінбедік. Соғысты интернационалдық борышымызды өтедік. Қазақстаннан қаруластарым көп еді. Мен олармен бірге әскерде болғаныма қуанамын.

Қазақстанның оңтүстігінен «Шыршық» десантты шабуылдау бригадасына жүздеген сарбаз келіп қосылған. Олардың ерлігін Әбдікәрім Бейсенов мақтанышпен айтады. Майдан даласында жараланса да, жаудан қаймықпай қайта күрескен. Әбдікәрім ақсақалдың өзі де ауған соғысының ардагері. Ұлты қазақ. Ташкент облысының тумасы. Әкесі фашистік Германияға қарсы соғысқан.

Әбдікәрім Бейсенов, ауған соғысының ардагері:

– Десантты-шабуылдаушы бригадада болдық. Әскери жасақтарды қарсы алып, жолын жарылғыш заттардан тазартып отырдық. Ең алғаш Ауғанстанның Гардез деген қаласында міндетімді атқардым. Жараландым. Денеме екі бірдей оқ тиді. Ерлігім үшін кеудеме медаль тақты.

Боздақтар рухына тағзым жасалғаннан кейін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Соғыс жылдарындағы әндер орындалды. Ардагерлер әскери-дала асханасынан дәм татып, зұлматты жылдар естелігін қайта жаңғыртты. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов