Қаңтар оқиғасы: үш мыңнан астам қару ұрланған

Қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 3096 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Бұл туралы Бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов брифинг барысында мәлімдеді.

«Олар негізінен қаруды жымқыру, бұзақылық қылмыстары.

Жаппай тәртіпсіздік және терроризм актілері бойынша 181 іс тергелуде», - деді Қилымжанов.

Сонымен қатар ол Алматы облысының Полиция департаментінен 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатомёт пен 23 мыңнан астам патрон ұрланғанын алға тартты.

«Ал Жамбыл облысында 209 автомат, 134 тапанша, 11 гранатомёт, 1 пулемёт пен 40 мыңға жуық патрон ұрланған. Алматы резиденциясын қиратулардан кейін 130 бірлік қару мен оқдәрілердің жетіспеушілігі анықталды. Оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатомёт және снайпер мылтығы бар», - деді ол.

Бұдан бөлек 10 аңшылық дүкен тоналғаны да анықталды. Ол жерлерден 1629 мылтық ұрланған. Жалпы алғанда 3 мыңнан астам қару ұрланған.