Қызылорда іргесіндегі ауылда ішетін су, жүретін жол жоқ

Көгілдір отынға да қол жетпей отыр. Қызылорда қаласындағы Бәйтерек ықшам ауданының тұрғындары 5 жылдан бері осындай жағдайда өмір сүріп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар тиісті орындардың табалдырығын тоздырды. Отын дайындау, күл шығару, су тасу. Бес жылдан бері Бақыт Олжановтың әр таңы осылай атады. Мыңдаған тұрғынның мұңын айтып құзырлы органдарға барған. Алайда сең қозғала қоймапты.

Бақытбек Олжанов, қала тұрғыны:

– 2018 жылдан бері әлі су да жоқ, газ да жоқ. Суды келесі көшеден тартып алдым, бәрі қымбат қазір. Көмірдің өзі қымбат, қазір көмір де ала алмай отырмын.

Шағын аудан 4 кварталға бөлінеді. Әрқайсысының өзіне тән түйіткілдері бар. Бірінде жол мен су жоқ, енді бірінің көшесі жарықтанбаған. Дегенмен бәйтеректіктердің жанына батып тұрғаны – мына су арнасының үстінен өтетін көпірдің болмауы.

Айдана Оразханова, қала тұрғыны:

– «Бәйтереке 2,3,4» деп кете береді. Ол жақта свет жоқ, жол жоқ, сол қаралса дейміз. Негізі мына жақта мектеп бар, соған барса дейміз осы Бәйтеректен балаларымыз. Ауылға жол салынса.

Пернебек Сыпабеков, қала тұрғыны:

– Ит көп бұл жақта. Иттің көп болғаны соншалық, балдарды сабаққа жіберуге қорқамыз. Аяқ асты талап тастай ма деп. Алдында талай таланды, айтылды, оны қанша айтқаннан кейін бір тазалағандай болып кетті. Одан кейін қайтадан көп.

Айдана Тілеубергенова, қала тұрғыны:

– Жедел жәрдем шақырғанда да, өрт қызметкерлерін шақырғанда да көшені таппайды, үйді таппайды. Фонармен шығамыз. Аңдып тұрамыз, күтіп тұрамыз, кейде сары үй жақтан барып алып келген күндеріміз де болады. 

Тұрғындарды толғандырған сауалдарды құзырлы орган өкілдеріне қойдық. Жауабы былай болды.

Бауыржан Оспанов, қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Көпір мәселесі туындап отыр. Оған сәйкес біз 2021 жылы қалалық бюджеттен жобалық құжаттарын әзірлеуге 16 млн. 400 мың теңге ақша бөлініп, жоба сметалық құжаттары қазір әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынғаннан кейін республикалық және облыстық бюжетке құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім ұсынатын боламыз.

Бәйтеректегі 9 шақырымды жолды жөндеуге үшін қалалық бюджетке ұсыныс берілген. Алайда бұл қаржының қашан бөлінетінін қалалық әкімдік өкілі нақты айта алмады. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музарапшин, Айтмухамбет Байділдаев