Батыс Қазақстандық шаруа африкалық түйеқұс өсіріп отыр

Батыс Қазақстан облысының Жайық ауылында тұратын Жанболат Ақсалов африкалық түйеқұс өсіруді қолға алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкер Ресейден әзірге бесеуін ғана әкеліпті. Бірақ жер ыңғайына тез бейімделген құстар қазірдің өзінде жұмыртқа басып, өздігінен көбейе бастаған. Жанболат Ақсалов түйеқұстарды үш жыл бұрын балапан кезінде сатып алған. Экзотикалық құстар климаты қатаң өңірге бірден жерсініпті. Арада аз уақыт өткенде балапан басып шығарған. Азық талғамайды. Осы аймақта өсетін түрлі шөптер мен көкөніс атаулыны қорек етеді. Бір құс кемі 100 келідей ет береді. Аналықтарынан маусымына 60 жұмыртқа алады екен.

Жанболат Ақсалов, шаруа қожалығының басшысы:

– Негізі өзімізге ермек үшін алдық. Практика жасап көрейік деп. Ұстауға болады екен. Ешқандай кедергі жоқ, өсіруге болады екен. Сосын инкубатор одан әрі дамытып, өсіріп көреміз деп жатырмыз. Қызым енді соған мақсат қойып жатыр өзі. Сүйініш Ақтоты деген үлкен қызым астанада оқиды үшінші курста.

Құстар өзара бөлек үйір құрып, өмір сүреді екен. Бір қызығы жұмыртқа басуға аталығы да жәрдемдеседі. Қырағы, өте сақ және бөтен адамдарға аса үйірсек емес. Ал басын құмға тығып алатыны аңыз болу керек. Ондай қылығын байқамадық – дейді кәсіп иесі.     

Анығында, құстар құм арасынан ұсақ  тастарды теріп жейтін болса керек. Ол тастар асқазандағы азықты уатуға жәрдемдеседі. Өйткені түйеқұста тіс болмайды. Құстардың бағасы қымбат болғанымен, асырап-бағуға көп шығын кетпейді. Әлемде түйеқұстардың Африка, Оңтүстік Америка және Австралияда өмір сүретін үш түрі кездеседі.

Мәлік Сейітов, Трекин ауылдық округінің әкімі:

– Бәйтерек ауданы Трекин ауылдық округінде 42 шаруа қожалығы бар. Негізінен мал шаруашылығы ғой. Енді мына жерде көріп жатырсыздар түйеқұстар. Енді кәсіпкерлер пайдасын қарайды ғой, пайдамен өсіру, жаңадан басталып жатырған іс. Жалғастырып көбейтеді ғой, біздер соған мүдделіміз.

Шаруа қожалығында түйеқұстан бөлек ойсылқара тұқымы мен қамбар ата түлігі де өсіріледі. Одан алынатын шұбат пен саумалды ішуге келетіндер көп. Биыл жазда түйеқұс балапандарын инкубаторда өсіру жолға қойылмақ. Түйеқұстың еті жеңсік ас саналады. Жұмыртқасы да өте дәмді. Майы мен жүні, тіпті терісі мен тырнақтарын да кәдеге жаратуға болады. Сондықтан алдағы уақытта санын көбейтуді жоспарлаймыз – дейді шаруа.     

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы Қанат Махмұтов Елдар Аюпов