ШҚО: жыры бітпейтін жол

Шығыс Қазақстан облысында «Талдықорған-Өскемен» тас жолын қайта жөндеу жұмыстарын қадағалайтын техникалық компания жұмысын тоқтатты. Сот осындай шешім шығарды. «Омбы-Майқапшағай» бағыты бойынша да қордаланған мәселе бар. Мұндағы техникалық қадағалау компаниясының қызметкерлері былтырдан бері еңбекақыны жөнді алмайды. Жыл басынан бері әлі жалақы көрмеген. Бұл жағдайдан кейін маңызды нысандардағы жұмыс тоқтап қалуы мүмкін. Мамандар осылай деді.

Талдықорған-Алматы жолын қайта жөндеу барысында қиындық туындады. Бұл жердегі жұмысты қадағалайтын техникалық компания аккредитациясынан айырылды. Себебі олар бір жылдың ішінде бір кемшілікті екі мәрте қайталаған. Мұндай жағдайда іс бірден сотқа жіберіледі, дейді сәулет және құрылыс бақылау басқармасының өкілдері. Яғни компания өзіне жүктелген міндетті мұқият әрі жауапты атқармаған.

Талғат Ахметов, ШҚО Сәулет және құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Компания аппеляцияға бермей, сот шешімін осылай қалдыратын болса, әрі қарай осы проектіге кері әсерін тигізуі мүмкін. Неге десеңіз жол қараудан қалады, Сондықтан Қазавтожол тарапынан жаңа конкурстар өткізгенше, едәуір уақыт өтіп, жол қараусыз қалуы мүмкін.

Дегенмен, тапсырыс беруші тарап, яғни «Қазавтожол» біз трассаның қараусыз қалуына жол бермейміз деп отыр. Егер заң күшіне еніп, жаңа конкурс жарияланатын болса, ол өткенге дейін техникалық бақылау қызметін біз өз міндетімізге ала тұрамыз дейді. Әзірге аккредитациядан айырылған техникалық қадағалау компаниясы аппеляциялық сотқа шағымданып жатыр.

Асылбек Нұғыманов, «Қазавтожол» ҰК ШҚО филиалының директоры:

- Аккредитациядан айыру деген сөз лицензияны қайтарып алу дегенді білдіреді. Бұндай кезде техникалық қадағалау компаниясыың жұмысы тоқтамайды. Өйткені қажет болған жағдайда қалған қаражатқа біз қайта конкурс жариялаймыз.

Жолшылар жалақы алмай жүр

Талдықорған-Өскемен жолындағы техникалық қадағалау компаниясының басы дауға ілігіп жатса, Омбы-Майқапшағай трассасындағы олардың әріптестері еңбекақыдан қағылып отыр. Мұратбек Темірбаевтың айтуынша, өткен жылдың көктемінен бастап жалақылары екі-үш айда бір кешігіп беріле бастаған. Ал биыл міне жыл басынан бері табанақы маңдай терлерін ала алмай жүр. Бұлай қайталана берсе онсыз да тапшы мамандардан айырылып қалуымыз мүмкін дейді ол.

Мұратбек Темірбаев, инженер:

- Бала-шағаны асырау керек, жас семьялар бар жас балалар істеп жүр. Мұндай жағдай қайталана берсе бұның соңы әзір білесіздер қай жерде ақша төлейді солай қарай жүгіреді, сол сияқты специалистерден айырылып қалуымызға болады, әсіресе қиыншылық болып тұрған жасанды көпір салу, труба салу мамандар аз табылмайды.

Бастапқыда жұмысшылардың наразылығын тудырмау үшін кешіккен жалақының мөлшерін компания басшылығы өз есебімен жауып келіпті. Алайда бұл тығырықтан толық шығатын жол емес екені белгілі.

Николай Анпилогов, техникалық қадағалау компаниясының директоры:

- Қыркүйек айынан бері осы жағдай тіпті қиындап кетті. Біз өз атқарған жұмыстарымыз жайлы құжаттардың барлығын дер кезінде жіберіп отырмыз. Бірақ жағдай өзгерер емес. Қызметкерлердің қашанға дейін шыдайтыны белгісіз. 

Бұл тұрғыда тағы да тапсырыс беруші «Қазавтожол» компаниясын сөзге тарттық. Олар осы айда алғашқы еңбекақыны төлейміз деп отыр. Алайда Омбы-Майқапшағай бағытындағы қайта жөндеу жұмыстары әлі бір жарым, екі жылға созылуы мүмкін. Сондықтан еңбекақыға тиесілі қалған қаражат мөлшері де соған сай бөлініп беріледі деп жоспарланған.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов