Алматыда 755 кәсіпкердің өтініші мақұлданды 

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің 90 проценті 10 наурызға дейін өтемақы алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов онлайн брифингте хабарлады. Сондай-ақ оның айтуынша, қаңтар оқиғасынан кейін залал көлемін есептеу үшін Алматыға 50 прокурор мен 80 тергеуші жіберілген. Бүгінге дейін 2 миллиард теңгеден асатын 755 кәсіпкердің өтініші мақұлданды. Өтемақының жартысынан көбі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған. Естеріңізге сала кетейік, жеңілдетілген тәсіл бойынша берілетін өтемақы көлемі 3 миллион теңгеден 10 миллионға дейін артқан болатын. Оған қоса өтініштерді қарау 1 айдан 2 аптаға дейін қысқарған.

Айтуар Қошмамбетов, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Жеңілдетілген өтемақы бойынша біздің тарапымыздан алты түрлі ұсыныс жасалып, бекітілді. Тағы бір ұсынысты Мемлекет басшысы бекітті. Кәсіпкерлердің 10 миллион теңгеге дейінгі кез келген шығыны жеңілдетілген жүйемен қарастырылады. Зардап шеккен шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер шығынын жылдық салық көлемі немесе сот сараптамасы арқылы дәлелдей алады.