Ақмола облысында егіс науқанына дайындық басталды 

Механизаторлар соқасын сайлап, техникаларын майлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егістік басында да қарбалас. Диқандар биыл ылғал аз болған соң кеште болса, әлі де көмегі тиіп қалар деген үмітпен қар тоқтатуға көшкен. Зеренді ауданындағы бұл серіктестікте техниканың  көбі ескірген. Себебі жаңасы  қымбат, – дейді, шаруа. Бірақ мұндағы білікті механизаторлар мен тәжірбиелі дәнекерлеушілер жыл сайын кем-кетігін түзеп, қалыпқа келтіріп отырады. Тіпті кейбірінің бөлшектерін түгел жаңартып, заманауи тракторлармен теңестіріп қойған.

Асқарбек Дайыров, механизатор:

– 6 К700-дің кабиналарын жаңарттық. Іштеріне шумоизоляция, обшивкасын бәрін жаңалап, ішіне кондиционер барлығын істейтін қылып жатырмыз. Капот, қанаты – бәрін жаңа қып. Жаңа К700 қылып шығарып жатырмыз.

Аталған серіктестік биыл 5 мың гектар жерге дән екпек. Басым бөлігі бидай алқаптары болады. Қазір шаруалар егістік даласында ылғал мол болу үшін қар ұстау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Виктор Чмерев, серіктестіктің атқарушы директоры:

– Осы жылы қар аз боп тұр. Көктем де ерте шығады деген болжам бар. Сондықтан осы бар қарды егістік алқабында барынша сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Оның үстіне биыл тағы да құрғақшылық болады деген қауіп бар. Сол үшін қуаңшылыққа төзімді тұқымдарды сатып алдық. Егін себу науқанына қазір 80 процент дайынбыз.

Осылай деген диқандар, «енді бәрін уақыт көрсетеді» – деп тек жақсылықтан үміттеніп отыр. Ал жауаптылар болса, былтырғы жағдайды ескере отырып, биылғы әзірлікке бар күштерін салып жатқандарын айтады. Мәселен, облыс бойынша 2 мыңнан астам жаңа техника әкелінген. Ал минералды тыңайтқыштар мен құрғақшылыққа төзімді тұқымдарды сатып алған шаруаларға бас-аяғы 10 млрд теңгеден астам субсидия бөлінеді.

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Басты мақсат – осы көктемгі егістік уақытында сеуіп бітіріп, жақсы егін алуға жоспарлап отыр. Соны біз қазір орындап, соған қатты дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Сондай-ақ егіншілерге нарықтағы бағадан 15 процент арзан дизель отыны бөлінеді. Оның жалпы көлемі 72 мың тонна. Ал биыл аймақ диқандары 5 млн гектардан астам жерге дән себеді. Көктемгі дала жұмыстары жылда мамыр айының басында басталатын. Бірақ осы жылы шаруалар бұл іске нақты қашан кірісетіні әзірге белгісіз боп тұр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко