Қарағандыда психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығы ашылды

Қарағанды облысы ерекше күтімді қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі балалар саны жағынан ел бойынша алғашқы үштікке енеді. Өңірде бүгінгі күні мүгедектігі бар 14 мыңға жуық бала тіркелген.

Оның ішінде психоневрологиялық дертке шалдыққандар көп. Мамандар бүлдіршіндерді ерте бастан қаратып, қай жаққа бейімі жоғары, денсаулығында қандай кінәраті бар екенін анықтау аса маңызды екенін айтады. Осы бағытта Қарағанды облысында бүгін бесінші психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығы ашылды. Оған қазірдің өзінде 100-ге жуық бала келіп жүр. Бұл негізінен Әлихан Бөкейхан ауданы тұрғындарына арналған. Жақын арада осындай орталық Шахтинск және Сәтпаев қалаларында да ашылады деп жоспарланып отыр. Орталық жылына бір мыңға жуық балаға интенсивті бақылау жүргізіп, диагноз қоюға мүмкіндік береді.

Людмила Гавриленко, білім беру басқармасының арнайы және инклюзивті білім бойынша бас маманы:

- Бүгінгі күні бізде мүгедектігі бар 14 мыңға жуық бала бар. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация - балаларға тексеру мен кеңес  беруді, ерекше білім беру қажеттіліктері мен білім алу үшін қажетті жағдайларды бағалауды жүзеге асыратын арнайы білім беру ұйымы болып табылады. Мұнда баланы толық қарап, кейін оны әрмен қарай қай бағытқа, қандай оқу орындарына жіберу керек екенін анықтайды. Келер жылы осындай тағы бір орталық ашылып, ішкі сұраныс толық жойылатын болады.