Түркістан жолдарындағы ойық шұңқырлар жүргізушілерді шаршатты

Жолдың жайы түркістандық жүргізушілерді де алаңдатып отыр. Олардың айтуынша, ойық пен жарықтан аяқ алып жүрудің өзі мүмкін емес. Ал асфальт екі жыл бұрын ғана төселген екен.

«Отырар» шағын ауданындағы бұл жолдың салынғанына көп уақыт болған жоқ. Бірақ қазіргі жағдайы тым мүшкіл. Жүргізушілер ойдым-ойдым шұңқырларды айналып өтуден шаршаған. Кей тұстарда тіпті мынадай шағын көлшіктер де пайда болған. Көліктер ондағы көлкіген суды кешіп өтуге мәжбүр. Мұндайда темір тұлпарымыз зор зиян шегеді. Бірақ оны ойлап жатуға мұрша жоқ. Бастысы жол апатына түспеуді ойлаймыз, дейді олар. 

 - Көңілден шықпайды, жолдың бәрі нашар ғой. Бәрін өтірік істеп кеткен.

 - Көріп тұрсыз ғой мынау ғой енді сапасы.

 - Көп, жетеді, мына садиктің алдын барып түсір садикке кіріп-шығып жатқан машиналарды, сол жерде де бар, тура осындай яма.

 - Өте нашар. Енді биыл ғана салынған жолдар ғой. Бір жыл боған әлі уже ойылып барлық жерлері осындай болып жатыр.

 - Жақында келдім осы екі үш күн болды келгеніме. Мына жақта бәрі жолдар да осындай волна болып кеткен осындай болып жатыр. Мына жерлердің бәрі осындай қотыр жол. 

Мұнда көп қабатты үйлер 3 жыл бұрын салына бастаған еді. Бірақ шағын аудан әлі де құрылыс алаңына ұқсайды. Айналаның бәрі лас, толған балшық, шашылған құрылыс материалдары. Тағы бір түйткіл тротураларға қатысты. Көп жерде әлі төселмеген. Салынғаны әлден ақ жарылып жатыр. 

- Су жаңа шағын аудан неліктен мұндай күйге түсті және оған кім жауап береді? Бұл сұрақты әкімдіктегілерге қойдық. Бірақ ондағылар бар кінәні мердігерлерге жауып отыр.

Нұрмет Дүйсембай, Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

 - Қазір ауа райының қолайсыздығына байланысты март айының орта жағына қарай жоспарлап отыр қайта қалпына келтіру бойынша. Мердігер тарапынан бәрі гарантиялық мерзімі бойынша, өзінің технологиясы бойынша қалпына келтіреді 100 процент. Мердігерге ескерту хат жолданды біздің тарапымыздан. Ауа райының қолайсыздығына байланысты март айының 15-20-сы жоспарлап отырмыз қайтадан қалпына келтіруді. 

Шағын ауданның шырайын кіргізу мақсатында қазынадан 1 миллиард теңге бөлініпті. Бірақ шаһарда шешімін күткен мәселе шаш етектен. Шұңқыры көп шұрқ-тесік жолдар өз алдына, тұрғын үйлердің жағдайы да мәз емес. Мәселен, жуырда бір жыл бұрын ғана салынған көп қабатты үйдің қабырғасы қақырай жарылғаны жөнінде айттық. Кейін мердігер компания қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Бірақ әу баста сапасыз салынған үйдің қазіргі жағдайы тұрғындар көңілінен шықпай отыр.

Талғат Серікқалиұлы, Рауль Габитов, Ерболат Әбішов, Қуаныш Әбуов