Ақтөбеде «Халық қатысатын бюджет» жобасына ұсыныс қабылданады

Жоба аясында қала тұрғындарынан ұсыныстар қабылдау жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өтініш-тілектер абаттандыру саласындағы мәселелерді жоюға үлес қосуы тиіс. Дегенмен ақтөбеліктер арасында ауыз су желісін тарту мен мәдениет және спорт нысандарын сұрағандары да бар. Қанат Қызылбасов, өзі тұратын бау-бақша ұжымының мәселесін жақсы біледі. Жылдар бойы қордаланған сұрақтардың шешімін табу үшін көршілермен бірге талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Ал былтыр бәрі бірлесіп жүріп, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында балалардың ойын алаңын тұрғызуға түрткі болды. Енді көпшіліктің көкейіндегі мектеп пен балабақша және су мен интернет желісі секілді басты мәселе шешілсе деген арманы бар. Сондықтан биыл тағы тағы ұсыныс беріп көрмек.

Қанат Қызылбасов, қала тұрғыны:

– Халық күннен-күнге ұлғайып жатыр. Сол себептен мына жерге енді су өткізсе «Ақбұлақтан», сосын интернет тартқызса. Себебі қазір қызмет түрлері онлайн. Кейбір үйлерде, біздің үйлерде мысалы, интернет 4G дұрыс ұстамайды. Сол себептен жақсы интернет өткізсе әдемі болады.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы екі жыл бұрын бастау алды. Былтыр Ақтөбеде 15 жоба іске асып, қаланың әр аумағында ойын алаңдары, саябақтар, гүлзарлар және жаяу жүргіншілер жолағы пайда болды. Қазірдің өзінде шаһар аумағындағы Астана және Алматы аудандарының әкімдіктері тұрғындардың ұсыныстарын қабылдап жатыр. Өтініш-тілектер кейін сараптамалық кеңесте қаралып, іріктеледі. Жобаларды саралауға билік өкілдерінен өзге, ұсыныс бергендердің өздері де қатысады. Ал, нақты жұмыстар келер жылы атқарылмақ. Оған дейін іріктелген жобаларға бюджеттен қаржы да қарастырылады.   

Алмас Жақсылықов, «Астана» ауданы әкімінің орынбасары:

– Әр түрлі жағдайлар бар. Кейбіреулері жол сұрайды тағы да бірдеңе. Бұл жобаның бағыттарында кәдімгі нақты көрсетілген. Балалар ойын алаңдары, сквер, парктер, тротуар салу. Сондай жобалар ғана өтеді мына 8 бағытпен. Енді ол бағыттан тыс болатын болса, сараптамалық кеңес одан өткізе алмайды. Себебі бұл абаттандыруға жатпайтын болады.

Ұсыныстар 10 наурызға дейін қабылданады. Әзірге жиырмаға жуық өтініш келіп түскен. Нәтижесінде қанша болса да, белсенділер мен мамандардан құралған кеңес қарап іріктеп, қортындысын шығарады. Ал іске асыруға болмайтын жобалар жөнінде бірден айтылып, жауап берілмек.  

Бақұзақ Дарин, «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазір көбісі көше жарықтарын сұрайды. Бірақ жарықтандыру шағын тұйық көшелер болады ғо сондай, ал аулаларды жарықтандыру деген сияқты сондай бағдарламамен өтеді. Ал егер инженерлік желілер жаңағы жүргізетін кәріз, су оларды  қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі солар жүргізеді.

Ал дәл осы «халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл қалада 370 млн теңгеден астам қаржыға 47 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Нақты жұмыстар қар еріп, жер кепкен соң қолға алынбақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев