Елордада ғасырға жуық ғұмыр кешіп, талайды бастан өткерген әжей тұрады

Елордада ғасырға жуық ғұмыр кешіп, талайды бастан өткерген әжей тұрады

Елордада ғасырға таяу ғұмыр кешіп, тағдырдың талайын басынан өткерген әжей тұрады. Өмірінің денін ұрпақ тәрбиесіне арнапты.

Бақира Нысанбайқызы бүгінгі әйелдер күнінде дәл 95 жасқа толды. Мәуелі бәйтеректей жайқалған әзиз ана мерейлі мерекесін немере-шөберелерінің ортасында қарсы алды. 

Назира Мелдебекқызы, Б.Нысанбайқызының қызы:

- Апа, сіздің туған күніңізге қарай оқып берейін.

Бақира Нысанбайқызы дәл бүгін 95-ке толды. Көктем мерекесімен тұспа-тұс келген мерейтойда ұрпағы әзиз ананың жанынан табылды.  Кейуана "өмірге өкпем жоқ" дейді. Ұл-қызынан 41 немере, 39 шөбере, 10 шөпшек көріп отыр. Батыр ана ұрпағының бойына асыл қасиетін дарытып, игілік нәрін сепкен. Олардың білімді, білікті, қайда жүрсе де қатарының алды болғанын ойлады. Сол үміт ақталып, қазір бәрі де елдің дамуына өзінше үлес қосып келеді.

Сейітжан Қойбақов, Б.Нысанбайқызының ұлы:

- Ағамыз Бауыржан ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, інім Сейітхан техника ғылымдарының докторы, мен өзім заң ғылымдарының докторымын. Бір жанұяда үш докторлық қорғағанбыз. Сөйтіп, әрі қарай ұрпақтарымызды да өсіріп, өндіріп жатқан кезіміз.

Бақира Нысанбайқызы соғыс ардагері Мелдебек Қойбақұлының жесірі. Отағасынан ерте айырылып, 10 баланы жалғыз жеткізді. Бір тәуірі, ұрпағының ішінде әке жолын қуғандар бар. Тіпті немере, шөберелері де атасындай болсам дейді. 

Санжар Қайназар, Б.Нысанбайқызының шөбересі:

- Осы әулеттің мүшесі болғаныма өте қатты қуаныштымын. Өзіме сондай жауапкершілік. Осы атамыз, апамыз жасап келе жатқан елге деген қызметті жалғастырғым келеді. Болашақта елге қызмет етіп, елімді қорғағым келеді.

Бақира Нысанбайқызының үлкен әулеті елге "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпазы ретінде де таныс. Бақ қонған шаңырақта ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ананың басты тілеуі осы ұрпағының амандығы. 

Бақира Нысанбайқызы, абзал ана:

- Айналайын, менің тілегім. Жастары ұзақ болып, жарқырап жүрсін. Жақсылық көрсетсін бәріне де. Аумин. 

Бақира әжей ұзақ жылдар балабақшада тәрбиеші болған. Саналы ғұмырын өз ұрпағы ғана емес, өзгенің де тәрбиесіне арнады. Сөйткен ғазиз ананың аялы алақанын сезінгендер қазір қазақтың өркендеуіне ықпал етіп жүр. 

Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев