Ақтөбе облысында ауыл жолдары әбден тозған

Ақтөбе облысында отан соғысының батыры Иманғали Білтабановтың есімі берілген ауыл тұрғындары аудан мен қалаға қатынаудың қиындап бара жатқанын айтып, жауапты мекемелерге шағым түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен дәуірде төселген жол әбден тозған. Ал ауылдықтардың бұл мәселені көтергеніне біраз жыл болса да, жөнделмей келеді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Ауылдықтардың жырға айналған жолы осы. Өткен ғасырдың 80 жылдары салынса да, бұған дейін ешқандай күрделі жөндеуден өтпеген. Ал соңғы жылдары әбден тозғандықтан, көктем мен күзде жүру мүлде мүмкін емес. Ол кезде осы жолмен қатынау мүлдем тоқтайтын көрінеді.

Бұл жол Қобда ауданының орталығы мен Иманғали Білтабанов ауылын жалғайды. Ұзындығы 14 шақырым болса да, тақтайдай тегіс жерін табу қиын. Екі ортада жүретін көліктердің шұрық-тесікті айналып өтуден басқа амалы жоқ. Ал ауылдан Қобдаға қатынайтындардың қатары аз емес. Кеңес Одағының батыры атағын иемденген елді мекен соңғы жылдары көркейе түскен. Тек Қобдаға қатынайтын жол басты мәселе болып тұр.

– Жол өте нашар. Ауырып қалсақ ешқандай көлік жоқ. Біздің жақта такси жоқ. Машина болғанда да, мынандай жолда жүру мүмкін емес. Баяғыда осы жол мәселесін айтып, уәде етті. Былтыр да уәде берді, әлі ештеңе жоқ.

– Көп жылдан бері айтылып келе жатыр. Негізінде бұл жол көптен бері күрделі де, жай да жөндеу жүргізілген жоқ.

Негізінен мал өсіріп, төлін көбейтіп отырған ауылдың бүгінде 700-ге жуық тұрғыны бар. Биыл олардың саны тағы да өспек. Қазірдің өзінде осында көшіп келуге тілек білдіргендің тізімі жасақталған. Әрі облыстық деңгейдегі абаттандыру бағдарламасына енгендіктен, елді мекенде алдағы жазда тағы да көше жолдары салынбақ. Сондықтан тұрғындар мұнда келетін көтерме жол жақсарады деген үмітте. Себебі жауапты органдарға талай айтып, биылғы әкімдердің есебінде бұл мәселені кезекті рет көтерген. Аудан басшысы ауылдықтардың өтініші жыл соңына дейін шешілетінін айтады. Ол үшін қаржы да бөлініп, мердігер мекеме де анықталған.

Болат Кулов, Қобда ауданының әкімі:

– Облыстық бюджеттің қолдауымен бүгінгі таңда миллиард жарым ақша бөлініп отыр. Соның ішінде осы Білтабанға баратын 14 шақырымды жолды 430 млн қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткіземіз. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдер өтті. Мердігер анықталды. Бұйырса, жолды жөндеуді бастайтын боламыз.

Жалпылай алғанда, алдағы уақытта бірқатар ауылдардың кіре беріс көшелері ретке келтіріліп, аудандық маңызы бар жолдарды кезең-кезеңмен жөндеу көзделіп отыр. Өйткені өлкедегі 200 шақырымнан асатын жолдың тек 13 проценттен астамы ғана жақсы деңгейде. Енді оның көрсеткішін 25 процентке дейін көтеру жоспарланған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев