Халықтың сатып алу қабілеті төмендеген – Экономика министрлігі

Ұлттық экономика министрі соңғы 2 жылда халықтың нақты табысының өсу қарқыны баяулағанын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы мақұлданды. Тиісінше, елде халықтың сатып алу қабілеті төмендеген. Әлібек Қуантыров халық табысын арттыру бойынша 80 шарадан тұратын бағдарлама жобасын ұсынды. Айтуынша, 2025 жылға қарай 2 миллионнан астам жұмыс орны құрылады, жұмыссыздық деңгейі 4,7 процентке дейін төмендейді. Еңбек министрі Серік Шәпкенов елімізде әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды «ерте анықтау жүйесі» енгізілетінін айтты. Отбасының цифрлық картасы арқылы әлеуметтік мәртебесі жоқ азаматтардың портреті әзірленеді. Елімізде «жас жұмысшы» ұғымын енгізу ұсынылып отыр. Жас мамандар үшін сынақ мерзімін алып тастау оларды жаңа жұмысқа ынталандыруға септігін тигізеді, деді еңбек министрі. Сондай-ақ Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 4,7 мың адамға қысқартылады. Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы мақұлданды. Үкімет басшысы салалық мемлекеттік органдар, «Самұрық-Қазына» қоры мен әкімдіктерге қызметкерлер жалақысын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ бюджеттік қызметкерлердің орташа жалақысын көтеру міндеті қойылды.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

– Экономиканың барлық саласында жұмыспен қамтуға және жұмысшы жастарды қолдауға басымдық беріледі. Азаматтардың табысын арттыру мәселесі бір құжатпен ғана шектеліп қалмайды. Қорыта келгенде, ұлттық даму жоспары да, ұлттық жобалар да, жалпы үкіметтік бағдарламалық құжаттардың барлығы да халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр.