Наурыз мейрамы елордада кеңінен тойланады

Соңғы екі жылда пандемия салдарынан Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде атап өту мүмкін болмады. Биыл карантиндік шектеулердің жеңілдетілуіне байланысты елорданың өзінде 100-ден астам мерекелік шара өткізу жоспарланған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ежелгі Тұран және Иран жұрты үшін қасиетті саналатын Наурыздың түп-тамыры байырғы Шумер өркениетінен бастау алады. Әлемдік тарихшылар осы тұжырымға басымдық беруде. Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің мәдени мәселелер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матин де бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, екі елдің әз-Наурызды тойлауында ерекшеліктен бұрын ұқсастық көп.

Али Акбар Талеби Матин, Иранның Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі:

– Біріншіден Қазақстан халқын келе жатқан Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Иран Ислам Республикасында бұл мейрам 21 наурызда басталып, 13 күн бойы аталып өтеді. 13-күні Сиздах Бедар деген рәсімде табиғат аясына шығамыз. Ұлыстың ұлы күнін тойлауда Қазақстан мен Иран арасында айырмашылық өте аз. Өйткені бізде де ақ дастархан жайылып, 7 түрлі тағамнан ас әзірлейді. Мұны біз «Хавт Син» деп атаймыз.

Көктемгі мереке кәрі құрлықта да кеңінен тойланған. Кейбір елдер мен көне шаһарларда әлі күнге дейін аталып өтеді. Мәселен, Испанияның Валенсия қаласында Лас-Фальяс мейрамы бар. Әлемдік фестивальге айналған «от мерекесі» 15 наурызда басталып, бір жұма жалғасады. Ескіден келе жатқан айтулы күндер Еуропаға дін кіргелі ұмыт бола бастады. Ал түркі жұрты дін мен дәстүр сабақтастығын мейлінше бұзбаған.

Тұрсынхан Қайыркен, тарихшы:

Ол кезде түркілер Зороастризм дініне де сенетін болған. Тәңірдің дінімен бірге. Зороастризм бұл Иранда ертеде пайда болған дін. Ресми түрде тарихи деректерде хатталған. Бірақ түркілердің ішінде де отқа табыну дәстүрі ертеде болған. Отқа табыну, яғни ОтТәңірдің нұры, мейірімі деп қарағандықтан болған.

Бұл мерекеге қай қырынан қарасақ та, Наурызнама қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы. Атақ-даңқы алты алашқа жайылған ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осылай деген.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев