Ақтауда ойын алаңдарын жөндеуге 90 млн теңге жұмсалады

Әткеншектері сынған, бояуы ұшқан балалардың ойын алаңдары Ақтаудың ажарын кетіріп тұр. Каспий жағалауындағы қала халқының бұл мәселені көтеріп жүргеніне біраз уақыт өтті.

Ал шаһар билігі болса жыл сайын уәде берумен шектеледі.  Биыл бұл бағытта не жасалады? Осы мақсатта бюджеттен қанша қаржы бөлінді? 

9-шағын ауданда ойын алаңы жөнделіп жатыр. Тұрғындар бұл жаңалықты бірнеше жыл күткен екен. Әсем Шәріпова бұған дейін балаларын басқа ауданға апарып, ойнатып жүргенін айтады. Биылдан бері өздері тұратын үй алдында серуендейтін болған.

Әсем Шәріпова, қала тұрғыны:

- Бұл үйге көшіп келгенде мына алаң жоқ еді. Тек ана жақта ескі алаң болды. 2014-те құрған шығар, содан бері тұрды. Осы жылы мұны алып, жаңартып жатыр. 7-8 жыл күттік. Мұндай алаңдар әр үйдің алдында болуы тиіс деп ойлаймын.

Мұндай алаңның әр үйдің алдында болуы үшін қомақты қаржы керектігі белгілі. Тығырықтан шығу үшін былтыр қала билігі демеушілер іздеуді қолға алды. Бүгінге дейін 60-тан астам ойын алаңы жаңартылған. Бастан аяқ жөндеуді қажет етіп тұрған жер әлі де болса жетеді. Мәселен, 3-шағын аудандағы алаңды осыдан 2 жыл бұрын түсіріп көрсеттік. Жауапты мамандар биылдан қалмай жөнделеді деп отыр.

Бақтияр Мақсатов, "Ақтау қалалық ТҮКШ"  ММ Бас маманы:

- Осы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қаражат бөлініп, осы жылы демонтаж жұмыстары жүргізіледі. Жаңадан балалар ойын алаңы орнатылатын болады аталған мекен-жайға. 14-шағын аудан 11 үйдің артында орналасқан ескі балалар ойын алаңын осы жылы жоба есебінде ұсындық.

Талғат Исламұлы, тілші:

- 14-шағын аудандағы асфальт жабындысы шұрық тесілген алаңда шамамен 10-ға жуық ағаштан жасалған ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері тұр. Күнге қақталып, жарылып кеткен бұл мүсіндердің қазіргі түрі қорқынышты. Оларды ұстап ойнаған баланың аяқ-қолына жаңқа кіріп, жарақат алу қаупі бар.

Ақтауда бас-аяғы 273 ойын алаңы бар. Тең жартысынан астамы қоршауы майысып, әлпеншектері сынған күйде тұр. Оларды қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Айталық, биыл бюджеттен бөлінген 90 млн теңге 9 алаңның кем-кетігін түзетуге жұмсалады.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев