Қарағанды облысында 49 жылға жерді жалға алған фермер дауға ілікті

Қарағанды облысында жерді заңсыз иеленіп отыр деген желеумен фермердің жер телімі толығымен мемлекетке қайтарылмақ. Әкімдік мамандары 2 мың гектарға жуық учаскенің көп жылдан бері игерілмей келе жатқанын космомонитроинг арқылы анықтаған. Ол аздай 1 300 гектарға жуық жайылым жері бар қожалықтың атында ресми тіркелген мал жоқ болып шықты. Алайда қожалық өкілі жерді шама-шарқынша пайдаланып келе жатқанын айтып шағымданған. 

Юрий Шайдулин Сәрепті ауылының маңындағы егістік және жайылымдық жерді шамамен 25 жыл бұрын ұзақ мерзімді пайдалану мақсатында 49 жылға жалға алған. Алайда биылғы маусымда бірқатар қиындыққа тап болатын түрі бар. Себебі Абай ауданы әкімдігінің мамандары жерді дұрыс игермеді деп, жалға алу туралы келісімді біржақты бұзған. 

Юрий Шайдулин, фермер:

- Қазір жер қымбаттаған. Гектары шамамен 300 доллар. Заңсыз жер сату сынды бармақбасты, көзқысты әрекеттер болуы мүмкін бе деп ойлаймын. Қазір жерімді алып қойды, себебі ол кепілдемеде тұрған жоқ. Сотта жеңіліп қалсам да, 470 гектарға бидай егетін боламын.

Фермердің иелігінде 1300 гектар жайылым және 650 гектар егістік жері бар. Бірақ әкімдік мамандары осынша жердің ең болмаса 20 проценті де игерілмеген деп отыр. Бұл заңға қайшы. Фермерге бірнеше рет ескерту жасалған. Бірақ нәтиже болмапты. Тіпті өткен жылы әкімшілік айып есебінде жер салығын 10 есе көп төлеткен. Айыптың бұл түрі де нәтижесіз қалған.  

Саят Мусин, Абай ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір мемлекеттің қалай да бұл фермерден жерді тартып алу керек деген сыңайда мақсаты жоқ. Керісінше біз өз фермерлерімізге барынша қолдау көрсетіп, көмектесуге дайынбыз. Бірақ ұлан-байтақ жерді алып, онда жұмыс жүргізбей жерді жамбастап алып жатуға болмайды. Мен 2018 жылдан бері бұл кісіге жерді тиімді пайдалану керек екенін айтып келдім, бірақ ол орындалған жоқ.

«Ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы арқылы түсірілген суретте жердің қанша бөлігі пайдада болғаны анық көрінеді. Оның үстіне 1300 гектар жайылым жері бола тұрып, фермердің атына жазылған мал болмаған дейді шенеуніктер. Ал заңгерлер болса  мұндай мәселені жіті қараған жөн екенін айтады.

Азамат Дәненбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Космомониторинг Шайдулиннің жерінде тиімсіз пайдалану салдарынан өсіп кеткен ағаштар ма, әлде көп жылдық шөп па, оны нақты ажырата алмайды. Бізге осындай мәселе бойынша кәсіпкерлер тарапынан шағым келіп тұратыны рас. Мемлекеттік органдардың жерді негізсіз мемлекет меншігіне қайтарып жататын әрекеттері де болып тұрады. Сондықтан мұнда барлық тараптардың нақты дәлелі керек.

Атап өткен жөн, Абай ауданында  360-тан астам шаруа қожалық пен серіктестік бар.  Оның 170-ке жуығы  жерге дәнді дақыл өсірумен айналысады. Тек өткен жылы оның 65-і жерді тиімді пайдаланбағаны үшін ескертпе алған. Мамандар жер мемлекетке қайтарылатын болса, кейін ол қарапайым халыққа мал жайылымна берілуі де мүмкін деп отыр. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Демесбаев