Ақтөбеде арыққа құлаған жеткіншек аман қалды

Қазір оқушының жағдайы жақсы. Ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қала басшысы мәлімдеді. Жедел-жәрдем мамандары хал-жайын білгеннен кейін жеткіншек үйіне қайтқан.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Үйілген қарды айналып өтпекші болам деген жеткіншек суға дәл осы тұста құлаған. Ағынның қаттылығы сонша әп-сәтте құбырдың астына ағызып әкетіпті. Абырой болғанда жақын маңда жүрген жігіттер оқушы қызды судан алып шықты. Ал суағардың қауіпті тұсы әлі күнге дейін қоршалмаған.

Евгений Зелевский, қала тұрғыны:

– Қыз баланы судан бірден шығарып алу мүмкін болмады. Құбырдың ішіндегі темірге киімі ілініп қалған. Күртесі де қолымыздан сусып кете ме деп тізерлеп отырып, кеудесінен құшақтап алып шықтық.

Арықтың суына батқан  қызды жақын маңдағы спорт кешені жұмысшылары алып шыққан. Бірден ғимарат ішіне кіргізіп, жылытуға кірістік дейді. Жедел-жәрдем де көп ұзамай жетіпті. Жеткіншектің қатты қорыққаны болмаса, айтарлықтай жарақат алмаған. 

Юрий Лысенко, қала тұрғыны:

Қорқыныштан есеңгіреп қалған. Ғимараттың ішіне кіргізген кезде үйге қайтуым керек дегеннен танбады. Киімін ауыстырып, әбден жылытып, ыстық шай бергеннен кейін ата-анасының қолына табыстадық.

Оқыс оқиғаны ескерген жергілікті билік қауіпті аумақтада орналасқан білім ордаларының оқу кестесін өзгертіп отыр. Шаһардағы 13 мектептің оқушылары уақытша онлайн режимде білім алатын болады. Облыс орталығының өзінде 14 үйді су басқан. Өрлеу ауылынан 4 отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Мұндай жағдай аудандарда да тіркеліп отыр. 

Қайрат Қасым, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Алты ауылмен байланыс үзіліп отыр. Оймауыт, Миялы, Сарбұлақ, Өтек, Ақшатау мен Көптоғай елді мекендеріне баратын жолдарды су шайған. Бұл жерлерде 3 316 адам тұрады. Қайықпен қатынас ұйымдастырылды. Жауапты мамандар ауылдарда қажетті дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткілікті деп отыр.

Мамандардың айтуынша елді мекендерге иен далада еріген қардың суы келген. Өзендерде әзірге сең жүре қоймаған. Дегенмен алдағы күндері ауа-райы күрт жылымақ. Сондықтан қауіптің беті қайтқан жоқ. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков