Еліміздегі ақылы жолдарға жүргізушілердің көңілі толмайды

Қазір бірнеше бағыттағы күре жолдарға арнайы терминалдар мен бейнекамералар қойылып, тиісті тариф бекітілген. Солардың бірі елорда мен Бурабай ауданының аралығындағы тас жол. Бірақ қыс түссе бітті аталған трасса жиі жабылып, көктемде көктайғақтан көз ашпайды.

Дамир Берікұлы, тілші

- Мына тұрған Щучинск-Нұр-Сұлтан тас жолынан жылына миллиардтаған қаржы түседі. Бірақ бұл жолға соңғы жылдары жүргізушілердің көңілі толмай жүр. Жалпы ақылы жолдың қыста күтіп ұсталуы қалай және жолаушылардың неге шағымы көп?

Шағымның көбі қыс мезгілінде болады. Себебі аяз күшейіп немесе қар боратқанда, сондай-ақ көктайғақ болған кездері бұл жол жиі жабылады. Мәселен, жыл басынан бері айналасы үш айдың ішінде аталған автобанда 11 рет қозғалыс тоқтатылған. Сондай жағдайдың бірі жақында ғана болды. Асфальт бетінің көк мұз болуына байланысты бұл жол 12 сағаттан астам жабық тұрды. Салдарынан жүздеген көліктің кептелісі қалыптасты. 

Сергей Гаммер, көлік жүргізушісі:

- Мұнда кеше кешкі сағат 7-ден бастап тұрмыз. Түні бойы көлікте түнедік. Жарайды, осындай жағдай болатынын ескеріп, осы маңайға дәретхана және басқа да қажеттіліктерді жасап қоюға болады ғой. Бірақ ол да жоқ. Ақылы жолға не үшін ақша төлеп отырғанымызды түсінбеймін. Мәселен, біз 1000 теңге, ал үлкен жүк көліктері 5200 теңге төлейді.

Жүргізушілердің айтуынша, күн бұрқасындатып, жолды қар басып, ақтүтек бораннан түк көрінбей жатса, оны түсінуге болады. Алайда жолшылар қазір қарапайым көктайғақпен күресе алмай отыр, деп налиды.

Нияз Юнусов, жолаушы:

- Мынаны қалай тазалайды? Білмеймін. Мынаған тұз себу керек, құм себу керек. Мейлі қар болса, жарты метр ма, соны тазалайды. Мына мұзды қалай алады сол техника? Әрі-бері түнде ұйықтамаймыз ғой, көреміз ғой. 

Ал аталған жолға жауапты «Қазавтожол» мекемесінің мамандары болса, «біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз» дейді. Ал ақылы жолдың жабылуы тек күн райының құбылуымен ғана байланысты. Сондықтан оған қарсы дәрменсіз екендіктерін айтады. 

Қанат Сәдуақасов, "Қазавтожол" ҰК АҚ Ақылы жолдар дирекциясының бас инженері:

- Нұр-Сұлтан-Щучинск тас жолына бізде 3 мекеме қызмет көрсетеді. Олар Щучинск, Ақкөл және Шортандыда орналасқан. Аталған кәсіпорындарда 41 арнайы техника бар. Жұмысшылар қажет кезде құмын сеуіп, жолдың қарын тазалап отырады. Яғни жолды күтіп ұстауға күшіміз толық жетеді. Тек ауа райына байланысты ғана жолды уақытша жаба тұруға мәжбүрміз. Әйтпесе біздің тараптан кемшілік жоқ.

Бас инженердің сөзінше, жыл сайын көліктерден түскен қаржының 1 млрд теңгеден астамы аталған трассаны күтіп ұстауға жұмсалады. Бұл қаражат қомақты боп көрінгенмен жолды жыл бойы қарауға әрең жетеді дегенді алға тартты.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный