Шығыс Қазақстанда егістік науқаны басталады

Шығыс Қазақстанда бірер күнде егістік науқаны басталады. Үржар ауданының шаруалары алдағы демалыста көктемгі суды тоқтатуға кіріседі. Бірақ биыл егін егуге қажетті тыңайтқыштар бағасы күрт шарықтады. Салдарынан күзде жиналатын өнім құны да әлдеқайда қымбат болатын сынды.

- В прошлом году засуха была. Но мы с урожаем! Потому что всё вовремя сделано было. Всё вовремя! 

Сергей Актёлов Көлденең ауылының тұрғыны. 45 жыл бойы жер игеріп жүрген шаруа технологияның қыр-сырын біледі.

Сергей Актёлов, шаруашылықтың бас инженері:

- Көктемгі суды сақтап қалу керек. Кейін арамшөптің өскенін күтеміз. Жер температурасы 12 градусқа жеткенде топырақты қопсытамыз.

Жер қопсытылып болғаннан кейін шаруалар егістік жұмыстарына қызу кірісе бастайды. Алты баланың әкесі Ержан Шалов та науқанға дайындалып жатыр. Ол отбасымен мына трактордың арқасында күн көріп отыр. 

Ержан Шалов, механизатор:

- Бізде енді көрші ауылдардан, төмен жақтарға қарағанда кішкене ауырлау. Қар өйткені қалыңырақ түседі. Таудың бөктері. Сондықтан кішкене осымен задержка. Тосып қаламыз. Сондықтан енді жылдамырақ ерте қозғаламыз. Биыл даже февральда бастап кеттік ремонтты. Енді қазір осы қардың кетуін ғана тосып тұрмыз. Жол ашылса болды, кетеміз поляға. 

Қар көп жауса, егістікке қажетті су да жетеді. Тек техника сынбаса болғаны. Мәселен, кейінгі 3 жылда шаруашылық құны бір миллиард теңге тұратын техниканы лизинге алды. Фермер осы қаражат есебінен комбайндар мен тракторларды жаңартып алды.

- Бұл өзі 5 қызмет, 4-5 қызмет атқарады. Бұрын 5 трактор жүретін болса, қазір бұлардың өзі, бір өзі ғана жүреді. 

Бұл техника шаруалардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Уақыт пен жанар-жағармай үнемделеді. Аудан орталықтан алыс орналасқандықтан жергілікті халық дизель отыны мен тұқымды алдын ала жеңілдікпен сатып алуға тырысады.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Арзандатылған отынмен келісілген. 3 жерде босатылады. Үржарда, Мақаншы және Таскескен-Алтыншоқыда босатылады. Әрине баға мәселесі. Шаруашылықтар сұрайды бізден баға тұрақты кішкене болса деп.  

Биыл егістік науқанына қажетті дүниелер едәуір қымбаттады. Әсіресе тұқым бағасының өскенін байқауға болады. Орташа есеппен шаруашылыққа 400 тонна селитра мен 300 тонна аммофос қажет.

Бейбіт Айтпаев, шаруашылық директорының орынбасары:

- Біз негізі Казазот, Казфосфат қазақстандық, солармен келісім жасап аламыз. Ал бізде биылғы бір жағдай, мысалы, Казазотпен. Казазоттан селитра алмақшы болғанбыз. Селитра 81 мыңнан болған былтыр, биылғы баға – 200 мың.  

Аммофос одан да қымбатқа шығады. Қазір оның бір тоннасы 250 мың теңгеден саудаланып жатыр. Бағаның неліктен 3 есеге көтерілгені белгісіз, дейді ауыл тұрғындары. Валюта нарығындағы тұрақсыздықтан шетелдік өнім қолжетімсіз болып тұр. Ал мемлекет тарапынан берілетін субсидия әлі жоқ.

Дариға Ташенова, Анель Есенбердина, Жігер Бабаканов