БҚО-да 14 лауазымды тұлға мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзған

Батыс Қазақстанда білім беру мекемелері мемлекеттік сатып алу шартын авторлық құқығы жоқ орындаушылармен бірге жасаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, мектептерді планшетпен, ноутбукпен қамту және балаларды тасымалдау қызметі заңсыз жүзеге асырылған. Саладағы олқылықтарды «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің заңгерлері анықтады. Жыл басынан бері аймақта мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзуға қатысты 17 әкімшілік іс қозғалған. Сот шешімімен 14 лауазымды тұлғаға 4,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Білім беру саласынан бөлек, облыстық полиция департаменті, Қазталов, Бөрлі аудандарының әкімдіктері, қаланы жылумен қамту кәсіпорны жанармайды қымбат бағаға сатып алғаны белгілі болды.

Бауыржан Ахметжан, «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының заңгері:

– 463-бап, бұл заңсыз кәсіпкерлікпен 3 тұлғаға қатысты іс қозғалды. 154-бап, яғни, мемлекеттік қызметкерлердің бизнеспен айналысу. Бұл жұмысқа да қатысты мониторинг жасап отырамыз. Қаңтар айында бензин бағасы шектелген болатын. Мысалы, АИ-92 182 теңгеден болса, біздің облысымызда бірнеше мемлекеттік мекеме оны өте қымбат бағаға сатып алған. Сол бензинді қымбат бағаға сатқан серіктестікке қатысты сотқа жолдап, сот оны кінәлі деп танып, 1 715 280 теңге айыппұл салды.