СҚО-да сүт өнімдері қымбаттады

Еліміздің солтүстігінде сүт қымбаттады. Мұнымен қоса ағарғаннан алынатын өнімдердің бағасы шарықтап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі сүт өндіруші зауыттар өз тауарының кей түрлерін 15 процентке дейін аспандатып жіберген. Солтүстік Қазақстан облысында сүт және сүт өнімдерінің қымбаттағанына он шақты күн болды. Сондықтан қала тұрғындарының басым көпшілігі бұл тауарларды сүт өндіруші кәсіпорындардың дүкеніне арнайы барып сатып алады. Өйткені супермаркеттердегі баға тіптен жоғары.  

Людмила Комова, қала тұрғыны:

– Ағарғандарды тек осы жерге келіп сатып аламын. Себебі зауыттан бірден дүкенге жеткізіледі. Әрі тауар мұнда көп жатпайды.  

Раиса Москвитина, қала тұрғыны:

– Майлылығы 4,5% болатын сүттің бір литрі -330 теңге. Ал супермаркетте ол 350-360-қа дейін барады. Қымбаттамаған дүние қалмаған шығар қазір. Амал жоқ, аламыз. Себебі мұнда адам ағзасына аса қажетті кальций дәрумендері бар. 

Дүкен сөрелеріндегі бағалар сәуір айының басында өзгерді. Орта есеппен алғанда өңірде айран – 14,3, сүзбе – 9,5 және сары май – 5,3 процентке өскен.

Галина Фоменко, сатушы:

– Біздің тауарлар бірінші сәуірден бастап қымбаттады. Оған не себеп болғанын мен айта алмаймын. Бұл сұрақты зауыт басшылығына хабарласып, сұрасаңыздар болады.  

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 6 сүт өңдеу кәсіпорны бар. Өңірде ағарғанның неліктен қымбаттағанын білу үшін бірнеше кәсіпкерлерге хабарластық. Алайда олар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сұхбат беруден бас тартты. Неге екені, белгісіз?

Өңірде шикізат қоры жеткілікті. Мәселен, былтыр елімізде 30-ға жуық сүт тауарлы фермасы ашылса, оның тең жартысы Солтүстік Қазақстан облысында екенін айта кету қажет. 

Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Сүт және сүт өнімдеріне қажетті қаптамалар 30 процентке қымбаттады. Олар Қазақстанда жасалмайды. Біз импортқа тәуелдіміз. Көбіне оларды кәсіпкерлер көрші елден сатып алады. Сондықтан мұның барлығы сүттің бағасына әсер етіп отыр.

Сонымен қатар бағаның өзгеруіне сүт өнімдерін өндіретін құрал-жабдықтардың қосалқы бөлшектерінің 50 процентке қымбаттауы мен жұмысшылардың жалақысының көтерілуі әсер етті, – дейді мамандар.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев