Түркістанда қаланы көгалдандыру жұмыстары жалғасуда

Түркістанда қаланы көгалдандыру жұмыстары жалғасуда

Түркістанның орталық көшелерінде  гүлзарлар көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мыңдаған сәндік өсімдіктер қаланың көркіне көрік қосып қана қоймай, туристерді тартуға да ықпал етуі керек. Гүл көшеттерімен қамтамасыз етуге  ауылдар да үлес қосып жатыр.  Солардың бірі –  Сарыағаш ауданындағы жылыжай.

Сәкен Тойчиев, Сарыағаш ауданының тұрғыны:

Көшеттің жиырмадан астам түрі бар. Биылғы жылы 300 мыңдай көшет отырғыздық. Көршілес облысқа да алып кетеді. Осы жерден аудандарға да алып кетеді.

Түркістан экологиялық апаттан зардап шеккен Арал теңізіне жақын жатыр. Жері тұзды келеді. Аптап ыстық, шаң мен желі тағы бар. Сондықтан жасыл желекті күтіп-баптау оңай шаруа емес. Ал жергілікті билік көгалдандыру бағытын мықтап қолға алған.  Бұл климатты өзгертудің ең тиімді жолы болмақ. Тек соңғы бірнеше жыл ішінде  үш миллиондай ағаш егілді.

Көркемжан Эшметов,  «Жасыл Түркістан» КММ директоры: 

– Биылға жаңағы біздің қойып жатқан межеміз 250 мың ағаш отырғызу тағы да қосымша және бұл декоративті ағаштар ғана емес, халыққа көлеңкені көбірек сыйлайтын қарағаштар және жапырақты, қылқан жапырақты және мынау жеміс ағаштарымен толықтырамыз деп осындай меже қойып отырмыз өзімізге. Жалпы ағаш егуде былтырғы жылы бізде арнайы ағаш егуге деп қаржы бөлінген жоқ. Демеушілер есебінен ағаштар алынып, халықтың көмегімен, мекемелердің көмегімен ағаштар отырғызылды.

Қылқан жапырақты  ағаш түрлерінің ыстық жерге бейімделуі екіталай деген пікірлер болғанымен, қысы жазы өңін бермейтін шырша  көшеттері де  көптеп салынған.

Ақнұр Шүленбаева,  дендрологиялық БАҚ қызметкері: 

Қарағай, шырша ол таулы аймпақтарда өседі. Түркістан ол тегіс жерде орналасқан, ол жерде үнемі жел бар, су бар одан кейін ол жаққа Сырдария жақын. Сырдарияның суы – тұзды су. Қарағай, шыршаларды егу үшін жарты метр бір метр топырақты алып тастап жер қабатынан қара топырақ әкеп таулы аймақтан мысалы соны төсеп негізі ексеңіздер болады.

Өңірде жасыл белдеу жобасы жүзеге асып жатыр. Қаланы қоршай  жеті мың гектар алқапқа шамамен 5 млн ағаш көшеттері егілген. Бүгінгі таңда сумен жабдықтау жүйесі негізгі мәселе болып отыр. Алдағы жылдары Түркістан бойынша 268 су жинайтын ұңғыма қазу көзделіп отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов, Қуаныш Әбуов