Қағазбастылықтан құтылатын күн жақындады – Министрлік

Қағазбастылықтан құтылатын күн жақындады – Министрлік

Қазір жалпы құжат айналымдарының 80%-і мемлекеттік органдардың өзара қағаз алмасуына бағытталған. Яғни бір мекеме екіншісіне хат жолдап, қажетті құжат тиісті басшылыққа жеткенше кемінде 5 түрлі сатыдан өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік қызметшілердің күні бойы айналысатын жұмысы осы. Өйткені елімізде есеп беру жүйесі небәрі 30 процентке ғана автоматтандырылған. Қағазбастылықтың қаптап кету себебі – мемлекеттік қызметшілерге деген сенімнің болмауы. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі Асқар Жамбакин осылай деді. Енді мемлекеттік қызметшілер көпірме есеп беруге сарп еткен уақытын халықпен кері байланысқа арнайды. Ол үшін есеп беру жүйесінің тең жартысын цифрландыру көзделіп отыр.

Асқар Жамбакин  ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

– Әр салада негізгі көрсеткіштердің цифрлық есебі түзілу керек. Онда қадағалау шаралары мен қойылатын талап та қамтылғаны жөн. Мәселен, зиянды қалдықтар шығарындыларын білу қажет болса, ол үшін қағаз  жинау міндетті емес. Өйткені экологиялық датчиктер онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік береді. Цифрлық трансформация дегеніміз мәліметтердің негізінде басқару деген сөз. Біз әр салаға қандай деректер қажеттігін анықтаған соң мәліметтерді жинау стратегиясын цифрлық жүйеге көшіреміз.