Қызылордадағы мемлекеттік мекемелердің қулығына құрық бойламай тұр

Антикор мамандары күмәнді тендерлік процестерді анықтағанымен, бағаны өсіру деректері тыйылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазалы ауданының мектебі әр күртені 892 мың теңгеге бағалап, 19 миллион теңгенің тапсырысына байқау жариялаған. Құзырлы органдар араласуымен барлығы 21 күртенің әрқайсысының құны 16 мың теңгеге түсірілді. Сонымен қатар Сырдария ауданындағы орта білім ордасы түс өзгерткіш ерітіндінің 1 құтысын 2 миллион 185 мың теңгеге сатып алмақ болған. Тексеру қорытындысымен ол бір мың теңгеге дейін түсірілді. Антикор өкілдері осы сәуірдің өзінде мемлекеттік мекемелерге осы тектес 15 ұсыным жолданғанын айтады. Мамандардың мәліметінше, сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары істер білім беру нысандарында көптеп кездеседі екен.

Ғалия Әлімқұлова, СЖҚҚ департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Бірінші тоқсан қорытындысымен бюджетке қайтарылған 300 миллион теңгенің басым бөлігі білім саласына тиесілі болып отыр. Осыған орай біз мектеп директорлары мен мемлекеттік сатып алушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған семинарлар өткізіп жатырмыз. Танымдық сабақтарда заңнамалық және қаржылық сауаттылық арттыру нұсқаулықтарымен жіті таныстырдық.