Ақтауда тәулігіне 40 мың текше метр су кәрізге төгіледі

Ақтауда тәулігіне 40 мың текше метр су кәрізге төгіліп, одан әрі «Қошқар ата» қалдық қоймасына құйылады. Осыншама суды сүзгілеп, қаланы көгалдандыруға және егін суаруға қолдануымыз керек. Ақтауда тұрғындармен кездескен аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында облыс орталығын абаттандыру, тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңалау, жолдарды жөндеуге қатысты көтерілген сауалдарға жауап берілді.

Нұрлан Ноғаев бұған дейін 5 аудан және Жаңаөзенге барып, халықты толғандырған сұрақтарға жауап берген еді. Кезекті жиын Ақтауда өтіп жатыр. Бүгінгі кездесу төменгі шағын аудандарда, ал ертең қаланың жоғары бөлігінде тұратын тұрғындармен өтеді. Құрылғанына 60 жыл толатын қалада коммуналдық мәселе шаш-етектен. Мәселен, инженерлік желілердің 82% тозып тұр. Күн сайын бірнеше ықшам ауданда құбыр жарылады.

Шынар Құрметова, қала тұрғыны:

- Шағын аудандарда су құбырлары үнемі жарылып, кейде су болмай қалады, 2-3 күнге дейін. Сол проблеманы шешіп берсе екен. Су болмай қалған кезде дүкенге жүгіреміз. Дүкендерде таусылып қалатын жағдайлар болады. 5 литрлігі дымға жетпейді.

Ақтауға жылу беру кезеңінде ыстық судың лас күйде ағатыны үйреншікті құбылыс. Халық қанша арызданса да, мәселе шешілмей қойды. Кейбір мөлтек ауданда жылудың мардымсыздығынан тұрғындар қыс бойы тоңып шығады. Шаһар әкімі ескірген құбырларды ауыстыру жұмыстарын биыл бастауға, сондай-ақ жылу қазандығын салуға уәде берді. 

Нұрдәулет Қилыбай, қала әкімі:

- Күз айлары құбырлардан қара-қоңыр су ағады. Өйткені жер астындағы инженерлік желілері әбден ескірген. Толық жаңарту үшін 190 млрд теңге керек. Қаржының 80% – республикалық, қалғаны жергілікті және жеке инвестиция. Ауыстыру биыл басталады. Сондай-ақ 19а және 35-шағын ауданға дейінгі аралықты жылумен қамту үшін қазандық салынады. Құны 12 млрд теңгелік жоба шілдеде сараптамаға жіберілуі тиіс. 

Аптап ыстықта ауыз суға да сұраныс артады. Қазір облыста теңіз және жерасты суын тұщыту бағытында бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Жазда тіршілік нәрінің жетіспеушілігіне қаладағы жасыл желекке де құйылуының да кері әсері бар. Осы ретте облыс басшысы көгалдандыруға кәріз суын қолдануға болатынын айтты.  

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:

- Біздің мақсатымыз және міндетіміз – тек ащы суды тұщыту мәселесімен немесе Еділ суын жеткізу ғана емес. Канализациядан шыққан 40 мың текше метрдің айналасындағы су қазір күніне Қошқар атаға төгіліп жатыр. Ағаш суаруға осы суды қайта даярлап, санитарлық-гигеналық талаптарға сай етіп қолдануды жоспарлап отырмыз.

Каспий жағасындағы шаһарда жұмыссыздық мәселесі де өзекті. Қала әкімінің айтуынша, биыл жалпы құны 43,6 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 237 жұмыс орны құрылады. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев