Депутат: Әкімдер малшылардың мәселесіне бас қатырмайды

Елде жайылым жерлердің жоқтығынан шаруалар мал басын қысқартуға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал әкімдер әлгі малшылардың мәселесіне бас қатырғысы келмейді. Өңір-өңірді аралап, бақташылармен кездескен Мәжіліс депутаттары осылай дейді. Олар Ақмола, Қарағанды және Түркістан облыстарында болып, сондағы ахуалды көрді. Шаруалармен тілдесіп, мұң-мұқтажын тыңдады. Бұқара мал жаятын жер қалмады деп әкімдіктердің табалдырығын тоздырған. Алайда ауыл басшылығы олардың мәселесіне тіпті үңілмепті. Депутаттар осындай салғырттықтың кесірінен малшылар зардап шегіп отыр дейді.      

Қайнар Абасов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Екі ауданның төрт елді мекен халқымен кездесіп, көкейкесті мәселенің бірі – жайылым мәселесін талқыладық. Аталған үш ауылдық округте үш түрлі проблема болып жатыр екен. Бес жарым мың тұрғыны бар Қасқасу ауылының 400 гектар ғана жайылымдық жері бар екен. Осы мәселені әкімшілік алдында көтеріп, шешу жолдарын қарастырдық. Мәселені шешудің бірденбір жолы ұлттық қорға өтіп кеткен 1 жарым мың гектар жерді халыққа қайтарып беру. Егер қайтарылатын болса, бұл елді мекендегі жайылым мәселесі шешіледі.