Алматыдағы арық желісі бірыңғай жүйеге қосылмаған

Алматыда ұзындығы 1500 шақырымнан асатын арық желісі бар. Оның негізгі қызметінің бірі – жауын суын жолға шығармай, көшені көл қылмай етектегі өзендерге қосу. Алматы – тау баурайындағы қала. Сондықтан су еңіске өзі-ақ аға беруі керек. Бірақ кешенді тексеру арық желісі мен коллекторлардың бірыңғай жүйеге қосылмағанын көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тозығы жетіп, іші лай-батпаққа батқан коллектордың бірі екінші теміржол вокзалы аумағында орналасқан. Нақтырақ айтсақ, Абылай хан мен Назарбаев көшелеріндегі арық сулары дәл осы жерге тоғысып, диаметрі 1000 мм болатын коллектор арқылы өзен суына қосылуы керек. Алайда іші қоқысқа толған кәріз құбырының кесірінен жауын сулары көшеге ағуда.

Қалада жалпы саны 16 коллектор немесе су жинайтын құбыр бар. Қазір оның төртеуі ғана жұмыс істейді. Қалған 12 коллектор көп жылдан бері қараусыз жатқан. Кейбірі иіліп кеткен. Сондықтан өз функцияларын орындамайды. Соның кесірінен жауын суларының 90 %-і арықпен емес жолмен ағады екен.

Қазыбек Жайылбаев, қала тұрғыны:

Мына сулардың ағып баратын жері жоқ. Мысалы, бір ғана Үлкен Алматы каналы. Басқасын білмеймін, мынау барып қай жаққа қосылады. Өзіңіз ойлаңызшы, барады да бір жерде сіңіп кетеді. Осыдан 10 жыл бұрын істелмеген нәрсе қазір істеледі дейсің бе?

Қыран Асанбек, қала тұрғыны:

Арықтың бәрі қарасаңыз ескірген. Оған Үкімет ақша бөледі, бірақ әкімдер қарамайды, бақыламайды. Жылда айтады тазалаймыз, жөндейміз, барлығын реттейміз деп.

Тұрғындардың базынасы осындай. Қазір қалада жиі су басатын 56 жер анықталған. Солардың бірі Райымбек даңғылының Сүйінбай мен Абылай хан көшелері арасындағы бөлігі. Одан кейін Жароков пен Гагарин даңғылының солтүстік бөлігі де жауын жауса көл болып кетеді. Жауаптылар осындай учаскелердегі мәселені шешу үшін тиісті жоба әзірлегендерін айтады.

Серік Әділбаев, Жасыл экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Күрделі жөндеу жұмыстары болады. Біз толығымен 376 шақырым арық жүйесін жөндеп, төменгі аудандар Түрксіб, Алатау ауданына жаңадан 100 шақырым арық жүйесін салуымыз керек.

Ең бастысы, ұзындығы 26 шақырым болатын коллекторлар батпақтан тазартылып, қала балансына алынады. Арнайы оператор бекітіліп жөнделген арықтар мен құбырлар тұрақты түрде тазаланып тұрады. 
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев