Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша байқау заңсыз өткен

Енді оның күші жойылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда конкурсқа өтінім беріп, пәтер алатындардың тізіміне енгендер оған қарсы шығып жатыр. Қала әкімдігінің алдына жиналған жұрт байқау қорытындысын жарамсыз деп тану әділетсіздік деп отыр.

Көп балалы ана Жеңісгүл Махмұтова – «7-20-25» бағдарламасы арқылы тұрғын үй байқауына қатысып, жолы болған 900 адамның бірі. Тіпті, ипотекалық баспана алу үшін тұрғын-үй жинақ жүйесіне жылдар бойы жинаған қаржысын да қайтарып алыпты. Екінші деңгейлі банктерден алған кредиттерін жауып, алғашқы жарнаны әзірлеген. Енді баспана байқауынан өткен кезде конкурсты жоққа шығармақшы дейді.

Жеңісгүл Махмұтова, қала тұрғыны:

- Күшін жоямыз деп отыр. Тек қана «Отбасы банктен» берейік деп. Біз не істейміз!? Мен сияқты адамдар көп қой. Олар не істейді? Біз қайтадан «Отбасы банкке» жинаймыз ба үш жыл?

Әкімдіктің алдына жиылған тұрғындардың өз талап-тілегі бар. Олар бұған дейін әлеуметтік желіде қоғамның қызу талқысына түскен тізімге қатысымыз жоқ дейді. Яғни оншақты лауазымды шенеуніктің конкурста жеңімпаз атанғаны үшін толық тізімнен күмәндануға болмайды деп отыр.

Арслан Алтай, қала тұрғыны:

- Біздің талабымыз – конкурс сол күйінде қалсын. Ал егер басқа адамдар болса, мысалы әкімшіліктің адамдары, шенеуніктер, атқамінерлер, оларды қойып, кезекте тұрғындарға берсін.

Ал салаға жауапты әкімдік өкілдері заңсыз өткізілген байқауды қайта қарап, тиісті шешімді министрлікпен бірігіп қабылдаймыз дейді. Ұсынымды әзірлеуге тұрғындардың арасындағы арнайы топ өкілдері де қатысатын болды. 

Ерғали Білісбеков, қала әкімінің орынбасары:

- Біз қала әкімдігі тұрғындардың жағында боламыз. Солармен бірге боламыз. Бірақ сол жерде 900 өткен адам бар. Содан кейін 11 мың адам бар. Өтпеген адамдар бар. Әр адамның құқығын қорғауымыз керек қой. Бәріне бірдей қарауымыз керек. Бізге бірінші уақыт беріңіздер. Сол уақытта шешімге келгеннен кейін сіздерді жинап, брифингте беріп айтамын.

Ипотекалық баспана саудасын заңсыз байқау арқылы өткізбек болған тұрғын үй басқармасының басшысы қызметінен шеттетілді. Сондай-ақ тізімнен табылған 15 мемлекеттік қызметкер мен Абай, Әл-Фараби аудандарының әкімі де үміткерлердің қатарынан алынды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы