Қант диабетімен ауыратын науқастар тест-жолақтарға қол жеткізе алмай жүр

Қант диабетімен ауыратын адамдардың ағзасындағы кетондардың мөлшерін анықтауға қажетті тест-жолақтар осымен үшінші жыл мемлекеттік сатып алулар тізіміне енбей отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ осы дертке шалдыққандар үшін ол ауадай қажет. Себебі кетоацидозды дер кезінде көрмесе ауру дендеп, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Кішкентай Ася бір жасынан қант диабетіне шалдыққан. Содан бері анасы Ольга қызының ағзасындағы кетондарды арнайы тест-жолақтар арқылы тексеріп тұрады. Қандағы қант мөлшері ұлғайған сайын кетондар да бөліне бастайды. Сондықтан Асяның ата-анасы қыздарына осы тестті әлі күнге дейін қолданып келеді. Яғни жүйелі түрде өлшеп, тиісті ем-домдарын алып отырады. Өйткені қыз балада кетоацидоз ұлдарға қарағанда әлдеқайда жылдам дамиды екен.

Ольга Гиричева, қала тұрғыны:

- Иә, тест жолақтарын жиі пайдалану керек. Әсіресе ағзадағы қант екі-үш сағат көлемінде нормадан жоғары болған кезде қолданылады. Бұл тест жолақтарының бағасы арзан деп айта алмаймын. Шамамен 7 мың теңге тұрады. Ал екі баласы қант диабетімен ауыратын отбасылар бар. Сондай-ақ әрбір ата-ана глюкометрге қосымша жолақтарды сатып алады. Мұның бәрі қарапайым халық үшін қымбатқа түседі.

Қант диабетімен ауыратындарға барлық қажетті дәрі-дәрмектер емханаларда беріледі. Кетондарды анықтауға қажетті тест жолақтарыда кез келген дәріханада сатылады. Бірақ биыл үшінші жыл бұл тесттер мемлекеттік сатып алу тізіміне кірмей отыр. Бұған себеп, сатып алу бағасы зауыт бағасынан төмен бекітілген соң, өндірушілер үшін бұл өте тиімсіз дейді диабеттік қауымдастықтың басшысы.

Руслан Закиев, диабеттік қауымдастықтың басшысы:

- Бұл жерде қиындық сол, олар шекті бағаның құнын алып, көбейте алмайтындығында. Өйткені бірнеше мекеменің келісімі қажет. Дегенмен біржақты шешім қабылдауға 3 жыл жеткілікті болды.

Мәселені шешуге «Мейірімділік» қоғамдық қоры араласып, демеуші есебінен 4000 қаптама сынақ жолақтары сатып алынған.

Аружан Саин, «Мейірімділік» қоғамдық қорын құрушы:

- Қазір осы сынақ жолақтарының барлығын аймақтарға, әр отбасына жібердік. Бұл сынақ жолақтарын таратуға, емханаларға жеткізіп беруге «Фармация» сақтандыру компаниясы көмектеседі.

Қауымдастықтың мәліметінше, Қазақстанда миллионға жуық адам қант диабетімен ауырады екен. Демеушілердің қаржысына сатып алынған тест жолақтары 17 жасқа толмаған балаларға ғана қолжетімді. Ал ересектерге сатып алуға тура келеді.

Жандос Айтбайұлы, Назгүл Бошан, Валентин Лобанов