Ақмола облысында Макинск-Ақсу бағытындағы жол шұрық-тесік

Бұл жол облыс орталығынан бастап Бурабай, Бұланды, Біржан сал секілді бірнеше ауданды аймақтың шығысындағы Степногорск қаласымен байланыстырып жатыр. Алайда бұл жолмен жүргенді көпшілік қаламайды. Айналма әрі ақылы болса да, басқа жолмен жүргенді  тәуір көреді. Себебі бұл жолмен жүру мүмкін емес деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ, бұл жолдан оның бойында орналасқан ауыл тұрғындары қашып құтыла алмайды. Қандай нашар болса да, оларға амалсыздан осы жолмен жүруге тура келеді.

Ердәулет Қалмұратұлы, Мамай ауылының тұрғыны:

Біз күнде мынау Макинка, Ақсу, Мамай мен Макинка ортасында қатынаймыз. Бірақ, жол өте нашар. Мына екі жағын көріп тұрсыздар. Осы екі жағымен келе жатырмыз, шаңды бұрқыратып. Ортасымен жүретін жағдай жоқ. Қазір бәрі қымбатшылық. Қалтаны қағады мысалы, мынау ходовка кетеді деген сияқты. Дөңгелек жарылады.

 

Аталған жолмен Макинск қаласынан Степногорск шаһарына төте жетуге болады. Айналма жолмен салыстырғанда 40 шақырымға қысқа, әрі ақылы емес. Соны ойлап осы жолға түскендер, өз таңдауларына өкініп қалады. 

Ал, «Қазавтожол» мекемесі мамандарының айтуынша, аталған жолдың небәрі 20 шақырымына ғана 2018-2019 жылдары орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, одан бері жамап-жасқаумен ғана амалдап келеді.

Нұрбек Темірханов, «Қазавтожол» АҚ ҰК ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары:

Жөндеу жұмыстарын жоспарлағанда біз ең алдымен көлік ағыны көп облысаралық жолдарға басымдық береміз. Мәселен, биыл Қостанай бағытында 208 шақырым жол қалыпқа келтіріледі. Ал, Макинск-Ақсу-Торғай тас жолын жөндеуді 2023-2024 жылдарға жоспарлап отырмыз.

Осылайша аталған жол бөлігі биыл күрделі жөндеу қарастырылмаған аймақтағы республикалық маңыздағы жалғыз бағыт болып отыр. Ал, оның тақтайдай теп-тегіс болғанын көру үшін тұрғындарға әлі бірнеше жыл күтуге тура келеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко