Павлодар облысында жастарға арналған «Тарту» жобасы жүзеге асып жатыр

Ертіс өңірінде 3 мыңдай өнерлі жасты қолдауға бағытталған «Тарту» жобасы жүзеге асып жатыр. Енді Павлодардың дарынды жастарын бір жерге шоғырландыратын ортақ мәліметтер базасы құрылады.

Бұл топтың құрылғанына көп болған жоқ. Креативті жастар Шаңырақ Халық Шығармашылығы орталығының жанынан ашылған әуен студиясында шеберліктерін шыңдайды. Өздері үлкен сахнада өнер көрсетуді армандайды. Әзірге тек тик-ток желісі арқылы танылып жүр.

Ахмедий, домбырашы:

- Әлеуметтік желімізді, біріншіден, инстаграм парақшамызды аштық. Қазіргі уақытта 3 мың подписчигіміз бар. Бірақ қазіргі кезде барлық күшімізді тик-токқа салып жатырмыз. Барлығы заманауи түрге көшіп жатыр. Ал тик-токта аудитория саны өте көп.

Өнер ұжымының репертуары дәстүрлі ән мен күйге негізделген. Бұған дейін өз беттерінше дайындалып жүрген жастарды кәсіби мамандар қамқорлыққа алған.  

Серік Рыспекұлы, "Шаңырақ" ХШО көркемдік жетекшісі:

- Біз олардың бетін қақпай, керісінше құшақ жая қарсы алып, ол жерде аспаптар бар, енді көп жастар ойнағысы келеді, бірақ қолжетімсіз ғой. Оның бәрі бағалы, құнды аспаптар. Сол себептен оның бәрін біз шама жеткенше керек аспабын тауып беріп сол жерде өздерінің, жастардың бір шоғырланатын ортасы болып келе жатыр.

Жаңадан құрылып жатқан орталықтар көшеде жүрген, танылмай жүрген, сахнаға шықсам деп армандап жүрген талай өнерпазға қолдау көрсетпек. Ұстанған бағыттары да ерекше. Эстрада жанры, хип-хоп, заманауи музыканттар немесе  қазақы ою-өрнек, поэзия, айтыс, ақын-жазушылар үшін  де жеке шығармашылықты дамытуға мүмкіндік бар. 

Еламан Қабділәшім, "Шаңырақ" ХШО  бөлім басшысы:

- Жасақталуының өзі бір ерекше серпіліс береді де мына бір өзгеше, қарапайым сахнада тұрып өлең оқығаннан бөлек жалпы сондай бір қараңғы бөлмеде, жарық түсіп тұрған қараңғы бөлмеде өлең оқу бір ерекше әсер етеді.

Шығармашылықпен айналысатын жастар үшін заманауи стильде студиялар ашылған. Олар музыкалық аспаптармен кәсіби бейнекамералармен тегін қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, үлкен сахнада өнер көрсетулеріне жағдай жасалады.

Самал Бегалинова, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда «Тарту» жобасы ол 3 мыңға жуық жылдың соңына дейін жастарды қамтамасыз ету керекпіз бұл базаға. Бүгінгі күнге дейін біз 1800 жастарды әр ауыл-ауылдан, облыстан, қаладан ауданнан жинап, сол базаға іріктеп жатырмыз. Одан ары сол базадан жиналған деректерді, шығармашыл жастардың деректерін жинап үлкен сахнаға шығару.

Маусым айының басында жазғы сахна - Ertis Promenade жұмысын бастайды. Еркін форматта өнер көрсететін Павлодар жастары жексенбі күндері жеке концерттерін ұйымдастыра алады. Сонымен қатар биыл Иманбек Зейкеновтың туған жері Ақсу қаласында креативті өнер иелерінің басын қосатын «Шексіз» фестивалі өтеді.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат