Атырауда бірнеше мектеп директоры жауапкершілікке тартылды  

Атырауда білім беру ұйымдарының қызметін тексерген прокурорлар өрескел қателіктерді анықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның ішінде қаладағы №46 мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ №33 мектептің ғаламтор желісіне шектеу қойылмапты. Яғни оқушыларға тыйым салынған сайттар бұғатталмаған. Ал 9 білім ошағында ғаламтор желісі мүлдем жоқ. Сондай-ақ оқушылардың тәртіпсіздігі тіркелген мектептердің директорлары да жауапкершілікке тартылған.

Ерлан Какиев, қалалық прокуратураның бөлім бастығы:

– Қауіпті контентке шектеу қоймау балаларға психологиялық тұрғыда өрескел зақым келуін ескеріп және 9 мектепте интернет қамтамасыз етілмеген, заңға сәйкес толыққанда білім алуына кедергі келтіргенін басшылыққа алып, қалалық прокуратурасы ұсыным енгізді. Ұсынымға сәйкес 40 мың баланың құқығы қорғалды.