Баянауыл ұлттық паркі туристік маусымға дайындалуда

Баянауыл  ұлттық  паркі туристік маусымға дайындалуда

Баянауыл  ұлттық  паркі туристік маусымға дайындық үстінде. Биыл 150 мыңдай адамды қабылдауға бекінген. Пандемияға байланысты екі жылдай  үзіліс жасаған  туристік бағыттардың бәрі биыл іске қосылады. Бірақ сол ерекше қорғалатын аумаққа туристерден келетін залал көп. Пластик құтылар, синтетикалық майлықтар, тіпті медициналық маскалардың өзі табиғаттың жауы. 

«Таза Баян -Таза Жүрек». Экологиялық акция өтетіні туралы осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желілерде жарияланды. Қатысуға ниет білдіргендер қатары көп болғанымен ұйымдастырушылар осы жолы тек студент жастарды апаруды жөн көріпті. 

Арайлым  Сүндет, студент:

- Осында келетін туристерге айтарымыз өздеріңіздің қолданған лас қоқыстарыңызды өздеріңізбен бірге тазалап кетсеңіздер. Себебі табиғатты өзіміз аялап қорғамасақ ол біздің тарихымыз, болашаққа жетпей қалуы мүмкін. 

Топ-топқа бөлінген жастар алдымен Жасыбай демалыс аумағын  тазартты. Алақандай жерден айналасы жарты сағатта қап-қап қоқыс жиналды. Бұл туристердің төмен мәдениетінің көрінісі. Кейбіреулері тіпті ұмытып қалатындай аты-жөндерін жазып кетеді. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Астана-Қарағанды. Бұл жерде болғандар Фархад, Гүлия, Алмаз, Әлия. Мына жерге Майқұдық деп жазып қойыпты. Баянауылға демалуға келген туристер демалып қана қоймай өздерінің есімдерін осылай әдемі жартастарға жазып қалдырып кетеді.

Жартастардағы жазулар жабайылықтың шегі жоқ дегенге саяды. Бұл жай тастар емес табиғи ескерткіштер екенін өлкетанушылар айтудай-ақ айтып келеді. Баянауылдың  ерекшелігі де сол  түрлі пішіндегі жартастарда жатқан жоқ па? Біз әйгілі Кемпіртас мүсініне келдік. Ондағы жазбаларды өшіріп жатқандардың бірі Олжас Тыныштықбай. Павлодарға Қызылорда облысынан келіп оқып жатқан студент Баянауылға алғаш келсе де біраз мағлұматқа қанық екенін көрсетті.   

Олжас Тыныштықбай, студент:

- Жалпы Баянауыл өлкесіне ең бірінші рет келуім. Әрине өлкенің тауы, тасы табиғаты өте керемет ұнады. Жалпы айтқанда бұл Қазақстан бойынша Баянауыл өлкесі ондыққа кіретін өлкелердің бірі. Қазіргі таңда адамдардың осыны ластап кетуі, жазып кетуі әртүрлі әйнектерді тастап кетуін біз қадағалап, өзіміз табиғатты аялауға кірістік.

Үш ай мерзімде алыс-жақыннан Баянауылға ағылатын халықты тоқтату һәм  қадағалау мүмкін емес. Бірақ  ақпараттық –насихаттық  шараларды жүргізу ұлттық парк пен  жергілікті әкімдіктің құзырына кірсе керек.  

Қаныш Әбиев,  мемлекеттік инспектор:

- Барлық тастарда осылай жазып кетеді. Аты-жөндерін, қайдан келгендерін, біз де айтып жатамыз, жұмыс істеп жатырмыз. Соның өзінде енді барлығының артынан қарап үлгірмейсің, шама келгенше тоқтатамыз оның бәрін.

Баянауылдың тұмса табиғатына тамсанасың, таңқаласың. Бірақ сол сұлулық  келер ұрпаққа жете ме? Табиғат жанашырлары мәселе  бір реттік акциямен шешілмейтінін жақсы біледі. Сондықтан жауапкершілікті арттыруды талап  етеді. 

Дмитрий Корепанов, "Ертіс" ҚҚ  жобасының үйлестірушісі:

- Бірінші кезекте демалушылар жауапты. Одан кейін құқық қорғау органдары ұлттық парк қызметкерлерімен бірлесіп алдын алу шараларын жүргізулері тиіс. Менің ойымша, табиғатты қорғау шараларын күшейту керек.

Екі күн ішінде 150 адам Баянауыл ұлттық паркінде тазалық жұмыстарын жүргізеді. Тау-тастағы жазуларды өшіруге арнайы техника жалданған. Тауға өрмелеушілер де қолқабыс етіп жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат