Ашаршылық пен соғысты бастан кешкен майдангер

Саналы ғұмырында ұсталық етіп, темірден түйін түйген Берлібек ақсақалдың қайраты кемісе де қауқары қайтпаған. Тез шаршап қалатыны болмаса әлі күнге дейін үй тірлігіне кірісе кетеді. Құлағы естіп, көзі де көреді. Үш төрт адым жерден немере түгіл шөберелерін жазбай таниды. Оларға үнемі аталық ақылын айтып отырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарт майдангердің санасы да сергек. Өткен өмірі күні кешегідей жадында жаңғырып тұр. Төрт жасында әкеден айрылып ашаршылық пен қуғын сүргінге ұшыраған. Батырдың ұрпағы ретінде сонау Арқа төсінен Жетісуға жер аударылды. Қарияның балалығы нәубет жылдарға тап келсе нағыз жігіттік шағы майдан даласында өтіпті. 17 жасында әскер қатарына шақырылып Қара теңіз флотына алынған.

Берлібек Ысқақұлы, соғыс ардагері:

- Таңертең мылтықты берді де жаяу әскерді фронтқа салды. Қорықтық басында. Не жасайсың. Құдай сақтады. Екі үш айда етің үйреніп кетеді екен. Сен не жасасаң мен соны жасаймын. Сосыз біздің әскер бірінші Украйнский фронт еуропаны освобождать ете бастады. Содан кейін біздің түскен взводымыз әлденіп күннің шығысына алып кетті. Ұмытқам жоқ. 29 августта бастады. Бес күннің ішінде капитулировать Жапонияны. Скл үшінші сентябрьде ден победы Япония.

Соғыс аяқталса да Берлібек Ысқақұлы әскери қызметін одан әрі жалғастырды. Жеті жыл дегенде бұйрық шығып 1948 жылы демобилизацияланды.  

Адам мына пойыздың жүрісіне асығасың елді сағынғанда.

Туған жеріне сағына жеткен жауынгер бабадан дарыған ұсталық өнерді жалғастырып, еңбек еткен. Шаңырақ көтеріп балалы шағалы болды.  Бүгінде өсіп-өнген әулетке айналып, шөпшек сүйіп отырған жайы бар. Ғасыр жасаған қарияның көптен бері көкейде жүрген арманы соғыста із түссіз кеткен ағасы Еділбек Ысқақұлы туралы білу еді. Біраз уақыт бұрын балалары сол кісінің құжаттарын тапты.    

Құрмаш Ысқақов, Б.Ысқақұлының ұлы: 

- Ол кісі соғысқа алынғанда 316 Панфилов дивизиясына Алматыға түсіпті. Ол жерде екі ай үйреткен. Одан кейін соғысқа аттандырады ғой. Ол кісі соғыстың басынан аяғына дейін барлаушы болған. Ол кісі Кенинсберг қаласының қасында Храброе деген селода жерленіпті. Екі орден алған екен. Бір красный звезда. Үшінші орден қаза тапқаннан кейін берілген екен. Соның бәрі Мәскеуде архивте.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев