Маңғыстау облысында су тұщыту зауытының қуаты биыл екі есе артады

Маңғыстау облысында су тұщыту зауытының қуаты биыл екі есе артады

Бүгін осы өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Әлихан Смайылов кәсіпорын тынысымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өндіріс орнында жаңғырту жұмыстары кідіріссіз жалғасып жатыр. Мамыр аяқталғанша, тәулігіне 25 мың текше метр теңіз суын тұщытып бере бастайды. Үкімет басшысы Президент тапсырған маңызды жобаны мерзімінен кешіктірмей аяқтау қажеттігін ескертті. Қазір зауыт тәулігіне 20 мың текше метр теңіз суын кері осмос әдісімен ішуге жарамды етеді. Одан әрі Мұнайлы және Қарақия ауданына қарасты елді мекендерге, Каспий жағалауында орналасқан әскери қалашық пен туристік нысандарға құбырмен жөнелтіледі. 100-ден астам адам еңбек ететін өндіріс орны 2011 жылы ашылды. 8 жылдан соң жаңғырту жұмыстары қолға алынып, оған мемлекеттік бағдарлама аясында 12,3 млрд теңге бөлінді. 

Нұрлыбай Аққұлов, су тұщыту зауытының директоры:

– Жылдың аяғына дейін 40 мыңға жеткізетін модернизациямыз мәресіне жету керек. Бұл жөнінде өткен қыркүйек айында Мемлекет басшысы келген кезде тапсырма берген болатын. Шетелден келетін сорғылар, мембраналар бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. 1 қондырғыны тәулігіне 5 мың текше метр шығаратын осы мамыр айында іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

Премьер-министр барған келесі зауыт еліміз бойынша азотты-минералды тыңайтқыштардың 90%-тен астамын шығарады. Отандық өнім ішкі сұранысты қамтып, Еуродақ және ТМД елдеріне экспорталады. Бүгін жаңа бөлімнің іске қосылуымен кәсіпорындағы қызметкер саны 260-қа жетті. Бейтараптау және буландыру цехының құрылысы 2020 жылы басталды. Қазақстандағы бірегей жобаның құны 6,4 млрд теңге.

Арман Маулешев, зауыттың бас директоры:

– Енді ешқандай выброс, ешқандай бу шықпайды. Ақтаудың тұрғындары кей кезде шағым түсіреді бізге. Ондай авариялық жағдайлар болады. Өйткені мына зауыт өте ескі. Осы бөлім бізге қосымша 40 мың тонна аммиак силитрасын жылына қосып береді.

Каспий жағалауында инвестициялық қаражат есебінен курорттық-қонақ үй кешені, гольф-клуб салынып жатыр. Құрылыс алаңдарын аралап көрген соң Үкімет басшысы Ақтау теңіз портына, одан әрі Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев