Алматыда мигранттар кесірінен қызмет орталығында ұзынсонар кезек пайда болған

Алматыға барған мигранттар елде уақытша тұруға рұқсат ала алмай жатыр. Екі күннен бері Наурызбай ауданындағы Миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығының алдында ұзын-сонар кезек пайда болған. Олардың барлығы маусымдық жұмыстарға барған Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары. Мигранттар орталыққа кіре алмаса ертеңіне қайта келіп, жаңадан талон алуына тура келеді. Өйткені бүгін алған талондары жарамсыз болып қалады.

Кеңес, қала тұрғыны:

- Маған келген адамдар міне екі күн болды құжаттарын рәсімдей алмай жүр. Осында тұрғандардың бәрін бір терезеге телміртіп қойған. Бұл тіпті ақылға сыймайды. Алматыда жалғыз бұл емес бірнеше халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Сол жақта да жасауға, рұқсат беруге болады емес пе? Егер уақытында жасамаса кінәліні іздеп жатпайды. Бірден айыппұл салады. Менің ойымша, мигранттардың мұнда келіп керегі жоқ. Бастысы, олар кімге келді сол адам eGov-қа кіріп тіркеліп, салығын төлесе жеткілікті емес пе? Енді жұмыс істеуге келгендер тіркеліп, еңбек шартын алу үшін осында қонып жатудан басқа амал қалмады. 

Маруф, Тәжікстан азаматы:

- Мен құжаттарымды жасай алмай жүргеніме тура бір ай болды. Полиция басқармасындағылар Халыққа қызмет көрсету орталығына бар дейді. Ал олар департаментке бар дейді. Ертеңгісін сағат алтыда келгем. Әрең дегенде талон алып кірсем, оның уақыты өтіп кетті дейді. Өзім жұмыс істеуге келдім. Ал ұлымды осындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқытсам деймін.   

Дәл осы уақытта еңбек мигранттарының көптеп келуі қалыпты жағдай. Азаматтарға арналған үкімет департаментінің өкілі осылай дейді. Мигранттар көбейген соң көші-қон қызмет көрсету орталығында да қарбалас туындайды. Дегенмен, мамандардың айтуынша, бұл тек уақытша жағдай. Мемлекеттік корпорация бұл мәселені тез арада шешуге уәде беріп, азаматтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.    

Сәуле Бөртебаева "Азаматтарға арналған үкімет" департаменті директорының орынбасары:

- Мұндай ағын жыл сайын тек жаз маусымында ғана болады. Көбіне қалаға құрылысшылар келеді. Олардың көпшілігі көршілес Өзбекстан, Ресей, Беларусь және Украина елдерінен жұмыс істеуге келетін еңбек мигранттары. Сондықтан рұқсат сұраушылар саны да артты.