ШҚО-да Балалар жылына орай ұйымдастырылған шаралар легі жиіледі

Шығыс Қазақстанда Балалар жылына орай ұйымдастырылған шаралар легі жиіледі. Бүгін Өскеменде жазғы каникул алдында «Жол қозғалысының жас инспекторлары» слёті өтті. Аталған шараның мақсаты мектеп оқушыларының жолда жүру ережесі бойынша білімдерін пысықтау. Сонымен қатар оларды жол қозғалысындағы бұлжымас талаптарды сақтауға шақыру. Полиция департаменті мен білім басқармасының​ бірлескен бұл жобасына жалпы 8 команда қатысты.

Бұл жерде жолда жүру тәртібін бір адамдай жетік меңгерген жеткіншектер жиналды. Олардың барлығы қаладағы түрлі балалар клубында ​осы тақырып бойынша білім алып, көп тәжірибе жинақтаған. Кейбір клубтар тіпті халықаралық сайыста жеңімпаз атанған. Бүгін оқушылар​ осы уақытқа дейінгі білгендерін ортаға салып нағыз полиция қызметкерлерінің алдында​ өзара сынға түсті. 15 жастағы балалар 5 минут ішінде 100 сұраққа жауап беру керек. Бұл тіпті жүргізуші куәлігін алар кездегі уақыттан екі есе кем.

- Выделяется 5 минут, оцениваться будут и у кого больше правильных ответов. 

Балалар да қарап қалмады. Полиция қызметкерлерінің қойған сұрақтарына мүдірмей жауап беріп, талаптан шығуға тырысты. Жол үстінде болатын түрлі оқыс оқиғадан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету дағдыларын да меңгерген.

Асанәлі Қайрат, оқушы:

- Жол ережелерін білу бәріне керек нәрсе, өзім де қала ішінде жүргенде​ жол ережелерін жақсы білемін, барлық оқушыларды жол ережесін білуге шақырамын.

Мектеп оқушыларының​ әзірлігі полиция қызметкерлерінің де көңілінен шықты. Жан-жақты жүргізілген жұмыс қана осындай жақсы нәтиже берейді дейді олар.

Андрей Ларионов, ШҚО Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:

- Балалардың дайындығы қуантты. Жалпы мұғалімдер де, ата-аналар да оқушылардың ​ жол ережесін сақтауына ​ерекше мән беруі керек. Жолдан ұялы телефон ұстап немесе жаяу жүргіншілер белгісі жоқ жерден кесіп өту сынды өрескел қателіктер соңы үлкен өкінішке әкелуі мүмкін.

Жалпы жеткіншектердің жолда жүру тәртібін меңгеруіне ​өлкеде ерекше ден қойылып келеді. Шығыс Қазақстанда қазір 4 мыңнан астам мектепішілік үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Онда 177 мың бала тәрбиеленіп жүр.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин