Маңғыстау облысында күнделікті сабақ жаттығудан басталатын мектеп бар

Салауатты өмір салтын ұстанған білім ошағы Мұнайлы ауданында орналасқан. Атамекен ауылында ұстаздар балаларды артық салмақтан арылту үшін 1 айлық денсаулық марафонын бастады. Балаларға үлгі көрсетіп, өздері де дене шынықтыруға кіріскен. Дәстүрлі марафон соңында ең көп салмақ тастаған жеткіншектерді қандай сыйлықтар күтіп тұр?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ауыл мектебінде сабақ міндетті түрде таңғы жаттығудан басталады. «Балалар жылы» дене шынықтыру сағатына оқушылар мен ұстаздардан бөлек ата-аналардың да келіп қатысуы үрдіске айналып келеді.

11-сыныпта оқитын Арайлым Келдебаева таңғы жаттығуға анасымен бірге келіп жүр. Айтуынша, денсаулық марафоны бұған дейін тұрақты түрде өтіп тұрған. Әлемдік пандемия уақытында тоқтаған дәстүрлі шара биыл оқу жылында қайта жалғасады. Қатысушылар саны күн санап көбейіп келеді дейді. 

Арайлым Келдібаева, оқушы:

- Сабаққа келер алдында қимылдағаннан кейін өзімді сергек сезінемін, сабақты жақсы түсінемін. Қазақстанның бүкіл мектебінде дене шынықтыру сағаты сабақтың алдында болғаны дұрыс. 

Феруза Жұманазарова, ауыл тұрғыны:

- Баламды қолдау үшін келіп тұрмын. Ата-аналар келіңіздер, таңғы жаттығуа қатысыңыздар.

Таңғы жаттығу аптасына 5 күн өтеді. Арасында оқушылар асық атып, садақпен нысана көздеп, үстел теннисінен сайысқа түседі. Таза ауада ой сергіткен соң ереже бойынша кітапханаға барып, кемі 15-20 бет кітап оқиды. Марафон басында балалардың салмағы өлшенген. Келер айда үздік нәтиже көрсеткендерге жағалаудағы демалыс орнына жолдама, ақшалай сыйлықтар беріледі.

Қайрат Титанов, мектеп директоры:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен 2017 жылдан бастап біздің мектебіміз «Денсаулықты нығайтуға бағытталған мектеп» аталып, сол жобаға енгізілді. Жылда жұртты қызықтыру мақсатында артық салмақтан арылу бойынша сайыстар ұйымдастырамыз. Әрине бұл мектеп дәрігері, мейірбикелерінің бақылауында жүргізіліп жатқан дүние.

Білім ордасына оқушылар мен мұғалімдер велосипедпен келіп жүр. Мұны құптаған мектеп басшылығы аулада велотұрақ орнатып та беріпті. Ресми деректерге сенсек, 2021 жылы Маңғыстауда 21 оқушы семіздікке шалдыққан. Биыл бұл көрсеткіш 10 балаға артып отыр. Коронавируспен күрес жылдары бұл бағытта жұмыс толық жасалмаған екен. Яғни статистикалық мәлімет қате болуы да ықтимал. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев