Елордалық велосерілер жолға шықты

Ернат Мелсұлы бастаған топ жай ғана велосипед теуіп, рекорд жаңартып жүрген жоқ. Ұлттың барын ұлықтап, өзгеге ой тастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ертеде сал-серілер жарау ат мініп, ел араласа, бұлардың тақымындағысы – кәдімгі велосипед. Қазақы топы киіп, домбыра арқалаған үшеу таңсәріден жолға шығып Жібек жолы ауылына барды. Жай барған жоқ, Иманжүсіп мектебіне соқты. Жол жөнекей нулы, сулы жерлерге аялдап сейіл құрады. Бастысы ұлттық өнерді дәріптейді. Тоқтаған сайын домбырадан күй төгілтіп, дәстүрлі әндер шырқайды. Елордадан шыққан үшеу ата дәстүрін осылайша жаңғыртуға бел буған. Ернатқа ерген екеудің бірі – Жандос Мақсұтұлы, екіншісі – Біржан Мақсатұлы. Екеуі де дәулескер домбырашы. 

Ернат Мелсұлы, велосері:

– Велосері жобасының бірнеше артықшылығы бар. Ең біріншісі – қазір велосипедті темір ат деп айтуға болады ғой. Осы темір атқа мініп алып, саламатты өмір салтын насихаттап және қала ішіндегі, қалалық өмірден серпіліп, қаланың сыртына шығып. Қаланың маңындағы ауылдарға барып, сол жердегі өнер мәдениет білім беру  орталықтарына соғып, өнерпаз ағаларымыз, замандастарымыз, күйшілер әншілер, сол кісілерге барып, осы дәстүрлі әнді ұлттық өнерді насихаттағымыз келеді. 

Велосері бұған дейін 1 мың 88 шақырым жүріп, Жидебайға барған. Сөйтіп хакім Абайды ұлықтады. Ал былтыр 750 шақырымда жатқан ұлт ұстазы Ыбырайдың басына барып, тәу етті. Мектебін көріп қайтты. Таяуда нәр сызбай, «Оразадағы 99 шақырым» веломарафонына шығып, рекорд жасады. Ал велосерілер жобасы мұнымен тоқтап қалмайды. Бұдан кейін де жалғасады. Домбырашылар ара-тұра ауылдарға шығып, тіпті қала ішінде де бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырмақ.