Ақтауда 15 жастағы жеткіншек ойын алаңында аяғын сындырды

Ақтауда 15 жастағы жеткіншек ойын алаңында құлап, аяғын сындырды. Облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, шұғыл операция жасалды. Қазір қыздың жағдайы бірқалыпты. Тозығы жеткен ойын алаңын бұған дейін бірнеше рет көрсеткен едік. Қауіпті мекенге қатысты қала әкімдігі не дейді? 

Адам өміріне қауіпті ойын алаңында қазір де балалар ойнап жүр. Жан-жағы қоршаусыз, ашық тұр.

«Сынған дөңгелек әткеншекке күндіз жеткіншектер жиналады. Ал кешқұрым биік төбешік маңында белгісіз біреулер ішімдік ішіп мазаны қашырады», дейді тұрғындар.

Галина Кан, қала тұрғыны:

- Осы ойын алаңын жөндеп беруді сұрап, талай рет әкімдікке хабарластық. Күтіп жүргенімізге  біраз уақыт өтті. Кеше кешқұрым бала құлағанын естідік. Үйге жақын жерде тұрғасын, немеремді амал жоқ осында әкелемін.   

Талғат Исламұлы, тілші:

- Қыз бала аяғын сындырған ойын алаңы 30 жыл бұрын қолданысқа берілген. Қазіргі күйінен адам шошиды. Осы маңда өткен қала тұрғыны жылаған баланың даусын естіп, жедел-жәрдем шақыртқан. Жеткіншек облыстық балалар ауруханасы ауыр халде түсті.

Нұргүл Арықова,  көпбейінді балалар ауруханасы бөлім меңгерушісі:

Баланың жағдайын дәрігерлер тұрақтандырды. Бүгін қайтадан рентгенге түсіріп, бақылаған кезде сүйектер орнына түскен. Қазіргі жағдайы қанағаттарлық. 

Енді қала әкімдігіне келсек. Жауапты мамандар әбден ескірген ойын алаңын қалпына келтіру жұмыстары бүгін-ертең басталады дейді. Тұрғындардың сан рет сұрағанына қарамастан, тек өткен жылы жоспарға енгізілген. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі жуырда шыққан. Жоба құны 9 млн теңге.

Әнуар Туляков, Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а.:

- 3-шағын ауданда орналасқан балалар ойын алаңы осы жылға бекітілген. Кесте бойынша қаражаты бөлінді. Қаражатқа отырды, бүгіннен бастап реконструкция жұмыстары басталады. Бұйырса, 2 айдың ішінде толықтай жаңартылады.

Мердігер мекеме ойын алаңын бастан аяқ жөндеп, ішіне жазатайым жарақат алудан сақтайтын резеңке жабынды төсеуге тиіс. Жалпы Ақтауда 273 ойын алаңы бар. Соның 69-ы былтыр кешенді абаттандыру аясында демеушілер қаржысымен жөнделді. Қалғанына сметалық құжаттар енді жасақталып жатыр. 

Талғат Исламұлы, Ренат Дусалиев