Нұр-Сұлтанда қоғамдық бақылау іске кірісті

Елдегі жүк айналымының жартысы теміржол көлігіне тиесілі. 2021 жылды ҚТЖ оң көрсеткіштермен аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тарифтік жүк айналымы 233 млрд ТКМ құрады. Контейнерлік тасымал артты.Соңғы жылдары отандық өндірушілерден 500-ге жуық локомотив, 3000 астам вагон мен платформа, 500 мың тоннаға жуық рельстер сатып алынды. Соңғы 5 жылда Қазақстан арқылы өтетін транзиттік ағын бірнеше есеге өсті.

Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Бұл еліміздегі алпауыт компанияның бірі екені сөзсіз. ҚТЖ-ның жасап жатқан жұмысы маңызды саланы қамтиды. Әрине үлкен компанияда қиындықтар да сондай болуы мүмкін. Бүгінгі қоғамдық кеңесте барлығы тыңдалады. Саралап шешім қабылдаймыз. Елеусіз қалатын мәселе болмайды.

Қол жеткізген нәтижелерге қарамастан, компанияда қомақты қарыз мәселесі өткір тұр. Биыл борыш соммасы 1.9 трлн болды. Қоғамдық кеңесте проблема ашық айтылды. АҚ-ның қаржылық жағдайы, сондай-ақ теміржол активтерін қалыпты ұстап тұру тарифтерге тікелей байланысты. Қолданыстағы тарифтік жүйе нарықтағы бәсекелестік талаптарына жауап бермейді,-дейді компания өкілдері.

Әнуар Ахметжанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының Трансформациялау және цифрландыру жөніндегі бірінші орынбасары:

Былтыр өндірістік персонал жалақысы 20%, биыл қаңтардан бастап 30% артты. Жалақының өсуіне 2 жыл ішінде 130 млрд.теңгеден астам қаражат қажет болды. Ал биыл теміржолшылар жалақысы ел бойынша орташа деңгейден асты. Компания өз қызметкерлеріне әр түрлі жеңілдіктерді қамтитын кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынады. Кәсіби және жеке дамуына жағдай жасап, жастар саясатына, салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөледі.

Қоғамдық кеңесте компанияда атқарылған ішкі мәселелер де ашық талқыланды. Былтыр «жедел желі» арқылы 220-дан астам өтініш түскен. 8 қызметтік тексеріс жүргізілген.