Павлодарда билік шаһардың «жасыл қала» мәртебесін қайтаруға күш салып жатыр

Павлодарда қылқан жапырақты ағаш өсіретін жалғыз дендробақ бар. Аумағы 100 гектарды алып жатыр. Қазір мұнда 50 мыңдай қарағай көшеті жайқалып өсіп тұр. Бірақ сол көшеттерді сатып алатын адам жоқ.

Биіктігі екі метрге жуықтаған қарағайлар енді бірер жылда ну орманға айналар еді. Ал дендробақ соңғы 4 жылда барлық тендерден шет қалған. Өйткені жасыл желек қорын ұлғайту мен күтіп баптауда басымдық инклюзивті фирмаларға беріліп келеді. Ал жергілікті атқарушы билік «Павлодар жасыл қала» деген байырғы мәртебесін қайтаруға күш салып жатыр. Ағаш қорын арттыруға 700 миллион теңге қаржы бөлінген. 

Өндірістік аймақта жаңа саябақ пайда болады. Бұл Спорт қалашығы деп аталатын жаңа шағын аудан. Қазірдің өзінде 5 мыңдай ағаш көшеті отырғызылды. Ол қарағай және жапырақты түрлері. 

Арслан Қалиақпаров, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Жалпы ағымдағы жылы біз 20 мыңға жуық ағаш отырғызамыз деп жоспарлап отырмыз. Олардың шамамен 10-20 пайызы ол қарағай ағаштары болады. Қаланың биологтарымен, дендрологтарымен, қала архитектруасымен келісіп тиісті жерді таңдадық. Жалпы осы ағаштар салудың басым бөлігі Спорт-Сити шағын ауданында өтетін болады. Шамамен 14 мыңнан астам ағашты сонда отырғызамыз деп жоспарлап отырмыз.

Биыл қаладағы барлық ағаштың тізімі жасалды. Облыс орталығында 97 мың ағаш бар екен. Оның 12 мыңы суарылатын, жасы 7 жылға жетпеген жас талдар. Биыл көктем-күз айларында жалпы саны 20 мың түп көшет егіледі. Бұл рекордты көрсеткіш. Бірақ көпшілікті сол ағаштардың саны емес сапасы көбірек қызықтырады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бұл қаланың  дәл іргесінде жатқан дендробақ. Аумағы 100 гектар алқапты алып жатыр. Мұнда ағаштардың 50 мың көшеті өсіп тұр. Олардың дені осы климатқа бейімделген қарағайлар.

- Мынау міне бір жылда беретін приростары. Өскені 10 см. Бұл әлі тоқтамайды. Бір жылда осы бес-алты жылдан асқан қарағайларыңыз шамамен 30-40 см бой береді. Сондықтан осы бес-алты жылдықты салғанда олар тез әкетеді бойын бәрін, осы кішкентайларды салғанша.

Серіктестік кезінде қаланы көріктендіруге үлкен үлес қосқан. Павлодарда өсіп тұрған қылқан жапырақты ағаштардың 10 проценті осы мекемеге тиесілі.

Ербол Нарымбаев, серіктестіктің телім басшысы:

- Өзіміздің мамандар бар тал салудан талай жыл жұмыс істеп келе жатқан. Техникамыз бәрі бар. Базамыз өзіңіз көріп тұрғандай міне питомник бәрі бар. Міне төртінші жыл бір де бір тендер алған жоқпыз.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер медігер фирмалар барлық талаптарды сақтап отырғанын айтады. Орындалған жұмыс актісін тапсырады. Олқылықтар кезіксе, жоюға  мерзім беріледі.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков