Көк байрағымыз Түркі қағанатының тарихымен сабақтас

Қазақтың көк байрағының тарихы Түркі қағанатының тарихымен сабақтас. Геральдикалық зерттеу орталығының ғалымдары Мемлекеттік рәміздердегі әр таңба күллі түркі жұртының әдет-ғұрпынан хабар беретінін айтады. Тіпті туымыздың түсінің өзінде терең мән бар. Отандық ғалымдар Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай қазақ геральдикасын да зерттеп жатыр. 

Қасиетті көк байрағымыздағы геральдикалық нышандардың тарихы түркі дәуірінен басталады. Геральдикалық зерттеу орталығы ғалымдары осылай дейді. Қазақтың тарихи тамыры сақ, үйсін, ғұн тайпаларымен байланысты десек, ежелгі түркілер көк аспанға, күнге, ауаға, жерге табынған. Сондықтан Тудың көк түсінің өзі халықтардың өзара тарихи сабақтастығын аңғартады. Ал осы елдігімізді айқындайтын төл рәміздеріміз қазір толық насихатталып жүр ме? 

Асылбек Байжұмаұлы, Геральдикалық зерттеу орталығының директоры:

- Қазіргі таңда дүние жүзіңде 95 тәуелсіз ел бар. Соның ішінде ең көк аспанды бейнелеген күн, бүркіті бар ту, ең бір әсем ту десек те болады, біздің Қазақстанның туы. Ал енді елтаңбамыз  әлемдегі ең әдемі елтаңбалардың ішіндегі 9-орынды иеленеді. Мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың ұлттық стандарты деген бар. Өңірлерді аралап семинарлар өткізу керек. Себебі мемлекеттік мекемелердің өздерінде рәміздерге арналған стенд іліп қойғаны болмаса нақты бір жастармен, жалпы қоғаммен насихат жұмыстары жүріп жатқан жоқ.

Ғалымдар Қазақстан туындағы бейнелер ғұн елтаңбасындағы нышандармен сабақтасып жатқанын айтады. Яғни онда да күн бейнеленген. Ал қазіргі туымыздағы күн бейнесі ежелден белгілі тарихи нышан. Тіршіліктің негізі екенін білдіреді.

Қаржаубай Сартқожаұлы, түрколог ғалым:

- Әрбір мемлекетте, жеке дара мемлекеттерде өзінің туы бар. Осыдан 2 мың жыл бұрынғы біздің түріктердің жадында сақталған символ, код ұмытылмастан Қазақ мемлекеті құрылғанда туының символы болып отыр. Қандай бір елдің мемлекеттілігін жеке дара ел екендігін дәлелдейтін кәдімгідей символдар болады. Бұл мемлекеттік код бір сөзбен айтқанда. 

Ел нышандарындағы таңбалар әлі де зерттеуді қажет етеді. Сондықтан отандық ғалымдар осы нышандар мен таңбаларды зерттейтін "Қазақ геральдикасы" кітабын жарыққа шығармақ. Қазір геральдикалық зерттеулер орталығында жинаққа кіретін материалдар іріктеліп жатыр. Дәл осы геральдика ғылымы символдар құпиясын ашуға көмектеседі, дейді ғалымдар.

Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев